1900 азамат «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданған

Screenshot_11.png

Шымкент алалық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 16 мыңнан астам адам әлеуметтік шаралармен қамтылса, 5177 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Екі мыңға жуық түлек жастар тәжірибесі бойынша, 2832 адам қоғамдық жұмысқа жолдама алып, 260 жұмыссыз азамат әлеуметтік жұмыс орындарынан жұмыс тапты. Шаруасын дөңгелеткісі келген 41 шымкенттік шағын несие, 584 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. 

Үшінші мегаполисте  жыл басынан бері 1900 азамат  нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданған.

Мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланған кәсіпкердің бірі – Гүлжазира Рысқұлова. Үш апталық курстан өткен ол 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грантты иеленіп, жиһаз шығару кәсібін жолға қойды. Төрт бала тәрбиелеп отырғанына қарамастан ісін ілгерілуге үлгеріп жүр.

– Грант есебінен құрал-жабдық сатып алып, арнайы цех аштық.  Шүкір, тапсырыс толастаған емес. Сұранысқа сәйкес түрлі үлгідегі жиһаз шығарамыз. Мұнымен тоқтап қалмай, шеберхана құру ойда бар, – дейді «Бастау бизнес» жобасының түлегі.

Аталған бағдарлама аясында былтыр кейіпкеріміз сияқты 4828 адам қайтарымсыз грант алды. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын жобаға 2820 адамға жолдама берілді. Мемлекеттік қолдау шаралары биыл да қарқынды жалғасын тапты.

Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқуға осы жылы 2500 шымкенттікті бағыттау жоспарланған. Ол – арнайы білімі жоқ немесе біліктілігін жоғалтқан жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Осы орайда 30-дан астам мамандық тізбесі бекітілді. Олардың қатарында дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрші, тас қалаушы, кран машинисі, визажист, шаштараз шебері, аспаз және тағы басқалар бар. Оқуға тартылғандарға ай сайын 17 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әйелдер аяқ киімі шығарылмақ
  • Кәсіпорын ұлғайтылмақ
  • Арнайы киімдерге сұраныс жоғары
  • Қағаз және картон өндіретін кәсіпорын ашылады
  • Балалар аналарына хат жазды