Жұмыспен қамтылғандар саны артуда

Screenshot_10.png

Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Шымкент қаласында жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жетті. Атап айтқанда, «Кедейлік және жұмыссыздықпен күрес», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нұрлы жол», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» секілді бағдарламалар жүйелі жүзеге асып, жыл санап жұмыссыздар саны азайып келеді.Статистикаға сүйенсек, 2011 жылы шаһарда 1941 азаматқа жұмыс ұсынылған. Ал 2020 жылы 39 623 азамат жұмыспен қамтылып, бұл көрсеткіш 20,4 есеге көбейген. 2021 жылдың қаңтар айынан бері қалада 16 768 адам мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, жұмыс тапқан. Тағы бір дерек, Шымкентте 2013 жылы 60 тұрақты жұмыс орны құрылса, 2021 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін 3599 жаңа тұрақты жұмыс орны  ашылып, 60 есеге көбейген.

Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте әлеуметтік сала толыққанды цифрлы жүйеге өтті. Бұл бағыттағы кез келген қызмет көрсету электронды түрде жүзеге асады. Соның ішінде жұмыс іздеген азаматтар бұрынғыдай табанынан тозбайды, портал арқылы қай мекемеде бос орын бар екенін көріп отырады.

– Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 26 түрі автоматтандырылған. Яғни, кез-келген адам «Egov» порталы арқылы өзіне керек қызмет түрін электронды түрде ала алады. Оның ішіне азаматтық хал актілер бойынша қызметтер, жұмыссыз ретінде тіркелу, қандас мәртебесін беру және тағы басқалары кіреді. Сонымен қатар, басқармаға қарасты «Жұмыспен қамту орталығы» халыққа қызметті «Open Space» форматында көрсетеді, – дейді қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.

Кез келген мемлекеттегі жұмыссыздық мәселесінің белең алуы қоғамға қауіпті. Өйткені ол – кедейшілік деңгейінің артуына түрткі болатын басты себеп. Ал халқын кедейлік жайлаған елдің ертеңі бұлыңғыр. Сол себепті мемлекетіміз егемендікке қол жеткізгелі бері жұмыссыздықты азайтуды саясаттың басым бағыты ретінде қарастырып, сәт сайын түрлі бағдарламаларды қолға алып, оның жүйелі жүзеге асырылуына күш салып келеді.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әйелдер аяқ киімі шығарылмақ
  • Кәсіпорын ұлғайтылмақ
  • Арнайы киімдерге сұраныс жоғары
  • Қағаз және картон өндіретін кәсіпорын ашылады
  • Балалар аналарына хат жазды