Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен азық-түлік қауіпсіздігі мен молшылығын қамтамасыз ету мақсатын қолға алынған жоба аясында ауданымыздың шаруа қожалықтары ілкімді іс атқаруда.
Жаздың орта тұсы – жиым-терімнің нағыз қызған шағы. Дихандардың маңдай терлерінің ақталар сәті. Биылғы ауа-райының шаруалар үшін тым қолайсыз болып, қуаңшылық болғаны баршаға аян. Осындай қиын кезеңге қарамастан, биыл ауданымызда бір жерден екі-үш өнім алуға ниет білдірген 185 шаруа қожалықтың біршамасы алғашқы өнімдерін жинауда. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда бірінші өнім ретінде шаруашылықтар тарапынан 250 тонна картоп, 1,3 мың тонна қияр, 1,1 мың тонна сәбіз, 0,5 мың тонна сарымсақ, 0,5 мың тонна баялы, 0,8 мың тонна әскөк жиналған.
Ауданымызға айналма жол арқылы келе жатқанда Жаскешу ауылының тұсында, оң жақ алқапта жайқалып өсіп тұрған көкөністерге көзі түспейтін жолаушылар кем де кем. Қызанақ, қияр, пияз алқабы жайқалып тұр. Жалпы көлемі 9 га жердің 3 гектарына пияз, 1 гектарына қызанақ, қалған 5 гектар жерге қияр егілген. Бұл «Ерсары» шаруа қожалығына тиесілі алқап.
«Ерсары» шаруа қожалығы ағайынды Төлепбергеновтердің ортақ жемісі. Рахым Төлепбергеновтың айтуынша, бұл кәсіп әкелерінен қалған мұра екен. Уақытында әкелері осында егіспен айналысқан кәрістерден үйреніп, ұлдарымен бірге осы кәсіпті бастаған. Ағайынды төрт жігіт бүгінде шаруа қожалықтың жұмысын өрге домалатып отыр. Қазіргі таңда қиярдың бірінші өнімін теру науқаны аяқталуға жақын. Жиналған картоптың орынына қиярдың күзгі түрін егеді. Негізгі өнімі қияр болғандықтан, осы көкөніске баса назар аударылып отыр. Жиналған өнімдердің барлығы консервілеуге жіберіледі. Шымкенттен келген жігіттер барлық қиярды өздері тиеп алып кетеді. Ал, қызанақ пен пиязды жергілікті тұрғындар тұтынады. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, қысқа жабылатын салаттардың барлығына осы «Ерсары» шару қожалығының қызанағын пайдаланады. Бір жерден екі немесе үш өнім алу жобасын тиімді пайдаланып келе жатқан Төлепбергеновтер әулеті бүгінде 10-нан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Теру маусымы кезінде жұмысшылар саны одан да артатын сәттер болады.