Абдраманова Гүлмира – үш баланың анасы. Жалғызбасты ана атаулы әлеуметтік көмек алушы, аз қамтамасыз етілген отбасылар қатарынан. Түлкібас поселкесінің тұрғыны «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде мемлекеттік қайтарымсыз грант ретінде 583 400 теңге алған.
- Үш баламның асыраушысы, жанашыры менмін. Жалғызбасты ана ретінде жұмыссыз күн көру, шынымен де, өте қиын. Бала-шағаның киімі, керек-жарағы дегендей барлығы айналып келгенде ақшаға тіреледі. Балаларыма кейде жылы-жұмсақ әперіп, қуантқым келеді. Өкініштісі, ақшаның бірде бар, бірде жоқтығы. Сөйтіп, мемлекетіміздің сарабдал саясатының арқасында осындай керемет бағдарламаларға өтініш беріп, қатыстым. Оған дейін де атаулы әлеуметтік көмек алдым. Қайтарымсыз гранттан алған қаржыға бұзаулы сиыр алып, ағарғанға аузымыз тиіп, мәз-майрамбыз. Бала-шаға айран, сүт ағарған дегенді жақсы көреді. Аз-маз мөлшерін сатып, күнделікті нан-шайымыздың ақысын шығарып отырмыз. Бұл - отбасымыз үшін үлкен көмек, - дейді ағынан жарылған Гүлмира апай.
Бұл бағдарлама арқылы кәсіп ашып, несібесін тауып жүрген отбасылар көп. Бірі мал алып, сүт өнімдері арқылы, ақша тауып, күнкөрсе, ендігісі түрлі цехтар ашып, кәсіптің көзін тауып жүр. Қысқасы, елдің әлеуметтік жағдайын, тұрмысын жақсартуға бағытталған бағдарлама бүгінде өз нәтижесін беруде.