Ордабасы ауданының ауданында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс ХLVІ конференциясы өткен болатын. Сол жиын соңында қуанышты оқиға болды. Алдымен «Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалының жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ғимараттың лентасын партия ардагері Бостандық Жәкей мен партияның Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Бағлан Батыршаев қиып, жұртшылықты құттықтады.
Демеушілер есебінен салынған ғимаратта халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Қоғамдық қабылдау бөлмесі, қажетті инфрақұрылымы бар. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев әріптестерінің жұмысына сәттілік тілеп, ел сенімін ақтайтындарына сенім білдірді. Сонымен бірге демеушілер тарапынан Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалына автокөліктің кілті тапсырылды.
Айта кетері, осыдан кейін өткен партия филиалының жиынында «Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекітіліп, Түркістан облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясына делегат сайланды. Сонымен қатар конференция делегаттарының қатысуымен Саяси кеңес бюросының құрамы бекітілді. «Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы болып Ордабасы ауданының әкімі Батыршаев Бағлан Дәнебекұлы сайланды.