Жеміс-жидекті өңдеп, оны нарыққа дайын өнім ретінде өткізу мол табыстың көзі. Түлкібас ауданында аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылып, кәсіпкерлер тарапынан мемлекеттік қолдаулар арқылы бұл бағытты дамытуға қызығушылық артып келеді. Бүгінгі таңда аудан аумағында үш ірі жеміс-жидек пен көкөніс өндейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың бірі Арыс ауылдық округіне қарасты «Арсен-ас» ЖШС. Аталған кәсіпорынның биылғы жеміс өңдеу маусымына дайындығымен танысу мақсатында аудан әкімі Нұрлан Байғұт арнайы іс-сапармен барды.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік алма шырынын өндіреді. Аудан тұрғындарынан және агроқұрылымдардан келісім бойынша бағамен жеміс-жидек дақылдарын қабылдап, қайта өңдейді. Бұл дегеніміз алма бау егумен айналысатын ауданның шаруа қожалықтарының өнімдеріне сұранысты арттыратындығы айтпасада белгілі. Биылғы күздік алма теру маусымында кәсіпорын мың тонна алма қабылдап, одан 100 тонна алма шырынының концентратын шығаруды жоспарлап отыр. Алынған 100 тонна концентраттан 625 мың литр дайын алма шырыны нарыққа жөнелтіледі.
Кәсіпорынды аралау барысында басшылығымен сұқбаттасқан аудан әкімі отандық өнімге қолдау көрсету мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі екенін айтып, заң аясында әр бір бастамасына қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Карантин салдарынан жұмысын уақытша тоқтатқан кәсіпорын биыл күзгі өнімді қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Қазіргі таңда алдын-ала келісім жасалған «Көктал» шару қожалығынан күзгі алмаларды күтуде.
Айта кетейік, бұдан бөлек аудан аумағында жеміс-жидек, көкөніс өңдейтін «Мичурин-Алма Экспорт» және «Песня Лета» ЖШС-гі жұмыс істейді.