Шымшаһарда нысана көздеу спортынан Азия біріншілігі басталды. «Shymkent Shooting Plaza» атыс кешеніндегі мергендер жарысының ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов, Спорттық атудан Азия конфедерациясының Президенті Шейх Салман Аль-Сабах, Спорттық атудан Азия конфедерациясының Бас хатшысы - Дуайч Алотайби, Қазақстандық спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов пен аталған федерацияның Бас хатшысы Олег Почивалов пен спортшылар қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы жарысқа арнайы келген қонақтарға алғыс айтып, мергендерге сәттілік тіледі.
– Бұл чемпионатты қаламызда алғаш рет өткізіп жатырмыз. Мегаполисте бүгінде халықаралық спорттық жарыстар ұйымдастыруға көптеген мүмкіндік қарастырылған. Бүгінгі спорттық жарысқа арнайы келген қонақтарды және спортшыларды Азия біріншілігінің ресми ашылуымен құттықтаймын, - деді қала әкімі.
Жарыстың мақсаты – Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде ату спортын танымал ету, спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру, спортшылардың рейтингін анықтау, жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби біліктілігін арттыру.
10-20 қыркүйек аралығында өтетін пневматикалық атудан XIV Азия чемпионатында
Бахрейн, Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Катар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд, Өзбекстан, Қазақстан елдерінен келген 120-дан астам мерген бақ сынайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қатысушы спортшылар, жаттықтырушылар және төрешілер ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі туралы анықтама берген. Ал ресми делегация, спортшылар мен қатысушылар әр 3 күн сайын COVID-19-ға ПТР тестін тапсырады. Азия чемпионаты спорт объектісіндегі барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.