Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Оңтүстік өңірі бойынша филиалы ұжымымен кездесті.
Күн тәртібіндегі негізі мәселе –сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңашылықтарды түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу бойынша өзара іс-қимыл мәселелеріне бағытталған.
Онлайн шарада Департамент басшының бірінші орынбасары Т.Серікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың іске асырылу барысына тоқталып, басты бағыт – жемқорлықтың алдын алу екендігін атап өтті. Жемқорлықпен күрестегі әрбір азаматтың рөліне тоқталған Т.Серікбаев, бұл бағыттағы атқарылған ауқымды жұмыстардан хабардар етті.
Кездесуде пара алушымен қатар, пара беруші де қылмыс жасаушы болып саналатынын түсіндіріп, қоғам дертімен бірлесіп күресуге шақырды.
Өз кезегінде «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды белгілеу, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен судьялардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға шетелдік банктерде шоттар ашуға және иеленуге тыйым салу туралы заңнама нормаларын түсіндірді.
«Мемсараптама» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Оңтүстік өңірі бойынша филиалының директоры Жаксылык Мыктыбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүзеге асыру аясында басты назар ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына бағытталғанын, ұжымда тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Мекеме басшысы қоғам дертімен күресте бірлесе жұмыс жасауға дайын екендігінен хабардар етті.