Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев аудан аумағында кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Аудан басшысы ең алдымен Қошқарата ауылдық округіндегі «Әлеуметтік базар» кешеніне барып, жұмыстарымен танысты. Делдалсыз сауда орталығына айналған кешен өткен жылы іске қосылған. Бүгінгі таңда аудан дихандары өнімдерін базар бағасынан төмен нарықта тікелей халыққа ұсынып, саудаларын дөңгелетуде. Ендігі кезекте шаруаларға өнімді қиындықсыз сатуына жағдай жасап, базар аумағын талапқа сай дүңгіршектермен қамту керек екенін сонымен қатар Кешен иесіне базардың сыртқы қасбетіне де ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
Аудан әкімі мұнан соң аталған ауылдық округінің Ұшқын елді мекеніндегі құс фермасы және балық өсіру, өңдеу кешендеріне ат басын бұрып, жұмыстарымен танысты. Ұшқын елді мекеніндегі Құс өсіру фермасының ғимараты ағымдағы жылдың басында қаланып, бүгінде ішінде 2000 аса тауық құсы өсірілуде екен. Кәсіпкердің айтуынша өнімді жергілікті нарықта, базар сонымен қатар арнайы дүңгіршіктерге саудалауды ниет етіп отырғанын айтады. Өз кезегінде аудан басшысы кәсіпкерге мемлекеттен көрсетілетін қолдаулар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысына жүктеген болса, ғимаратын кеңейту жұмыстарына ауыл әкіміне тапсырды.
Келес ауданында балық шаруашылығын дамыту ісі жолға қойылған. Соның бірі — Қошқарата ауылдық округінде орналасқан “Жақсылық жасау” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Мекеме басшысы кооператив негізін 2018 жылы қалап, құны 250 млн теңге болатын жобаны іске қосқан. Бұл қаржының жартысын, яғни 125 млн.теңгені Үкімет тарапы субсидия ретінде бөлген. Мемлекеттің қолдауының арқасында кооперативтің тасы өрге домалап, шаруашылық күннен күнге өркендеп жатыр. «Ұшқын» елдімекеніндегі 250 гектар аумақтағы балық өсіретін аймаққа су Ащы каналынан келеді. Мекеме өкілдерінің сөзінше кооператив ағымдағы жылдың аяғына дейін толық іске қосылып, өнімдерін сатуға шығармақ екен. Кооператив жұмысымен танысқан аудан әкімі жобаның бүгінде маңызы зор екендігін айтып, өзге шаруашылықтар да қолға алу қажеттігін айтты.
Аралау барысында аудан басшысы Жүзімдік ауылына барып, жаңадан ашылған қонақ үй және емдік сауықтыру моншасының жұмысын көрді. Жалпы 20 адамды қабылдауға қауқары жететін шағын ауылдан ашылған қонақ үй негізінен емдік шарасын қабылдауға келген азаматтарға қызмет көрсетуде екен.
Сондай-ақ, аудан әкімі түстен кейін Бозай, Ошақты ауылдық округінде болып, ауылшаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, шаруа қожалықтарының иелерімен ауданның ауылшаруашылық саласын дамыту мәселелерін талқылады.