Төле би қымызына сұраныс артты

Төлеби ауданы Қаратөбе ауылдық округі таулы аймақта орналасқандықтан халқының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Соның бірі – «Қуаныш» шаруа қожалығы. Иесі Бекбасаров Зұлпыхар 20 шақты жылқы малын бағып, 10 бас сауынды биені сауып, кәсіпкерлігін бастаған. Қожалықтың қымызына деген сұраныс жоғары.

image.png

Қымыз – биенің сүтінен дайындалатын денсаулыққа шипалы әрі жұғымды сусын. Қымыз қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дастарқан дәмінің бірі. Сары қымыз дертке шипа, денеге күш. Қымыз негізінен жылқы терісінен тігіліп, әбден – тобылғы түтінінің ысы сіңген сабада не болмаса ағаш күбіде ашытылады. Қымыздың ашытқысы «Қор» деп аталады. Дәкеге түйген қорды сабаға не күбіге салып, оның үстіне бір шелектей жаңа сауған салқын саумалды құйып, ыдыстың сыртын жылылап орап тастайды. Қор езіліп саумалға тегіс тарағанда саумалдың дәмі қышқылданады. Сөйтіп, жаңа қор жасалады. Жаңа қордың үстіне салқындатылған (әйтпесе қымыз іріп кетеді) саумалды құйып, әр жолы саумал құйылған сайын піспекпен жарты сағаттай пісіп араластырып отырады.

Қымыз ашытылатын ыдыстың ішіне қойдың сүр құйрығын не болмаса жылқының сүр қазысы мен семіз жаясын салып жіберсе, қымыз майлы әрі жұмсақ болады. Әдетте қымыздың өзінен де май шығады. Ол май қаралтқымданып, қымыздың бетінде қалқып жүреді. Іңірде пісілген қымызды жылылап қымтап қойып, келесі күні биенің бас сауымы сауылып болғаннан кейін ғана қотарады. Саба мен күбіні ең кемі аптасына бір рет әбден жуып, кептіру, ең кемі бір рет ыстап отыру қажет. Дер кезінде тазартып, ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан «ескі» дәм шығып тұрады. Қымыздан бір күнге жетерлік мөлшерде қотарып алғаннан кейін, оның орнына қайта саумал құйылады. Бұл процесс бие ағытылғанға дейін осылай жалғаса береді. Қымыз қотарғанда ыдыстың түбіне жетерлік мөлшерде қор қалуға тиіс. Қымыз дайындау шеберлігіне, сүттің тегіне, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай оның аталуы да алуан түрлі.

- «Біз отбасымызбен мал баққан жандармыз. Бала кезімнен осы шаруашылыққа икемім бар. Мал бағудың қыр-сырын меңгеріп, қазір шаруашылықты жүргізіп отырмын. Жылдың төрт мезгілінде сары қымыз сапырып, саумал дайындап, жүйрік баптаймыз. Биені сүтіне, қымызына қала, ауыл тұрғындарынан сұраныс көп. Дайын өнімді тапсырыспен жеткізіп береміз. Бүгінде күніне 20-25 литр қымыз өткіземіз», – дейді қожалық иесі З.Бекбасаров.

Сондай-ақ, қожалық иелігіндегі 12 га жердің 8 гектарына бидай егілсе, 4 гектарға жоңышқа өсіріп отыр.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әйелдер аяқ киімі шығарылмақ
  • Кәсіпорын ұлғайтылмақ
  • Арнайы киімдерге сұраныс жоғары
  • Қағаз және картон өндіретін кәсіпорын ашылады
  • Балалар аналарына хат жазды