Төлеби ауданы Алатау ауылдық округі Екпінді елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Медициналық мекеме ғимаратының құрылысына Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы тапсырыс беріп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік серіктестігі негізінде атқарылуда. Құны 118 млн теңге тұратын ФАП ғимаратының құрылысын «Satti Group» ЖШС –і атқаруда. Құрылыс басында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың 30 пайызы ауыл тұрғындары.
- Үш жүзге жуық отбасы мекен ететін Екпінді ауылына қарасты медициналық пункттің әбден тозығы жеткен болатын. Ескі ғимаратта отырған дәрігерлер үшін жұмыс істеуге ешқандай жағдай жасалмаған еді. Ауыл халқының өтінішімен жаңа ғимарат құрылысы бүгінде қарқынды жүруде. Фельдшерлік – акушерлік пункт 15 бөлмеден тұрады, бұл жерде күндізгі стационар жұмыс істейді. Дәрігердің қабылдауында болған науқас емін алысқа бармай, осы жерде қабылдауына толық мүмкіндік қарастырылған, - деді округ әкімі Мақсат Болысбекұлы.
Ал, Ленгір қаласы Шахта Тоғыс елді мекеніндегі Тоғыс өзені арқылы өтетін көпір пайдалануға берілді. Автожолға арналған көпірдің ұзындығы- 36,1 метр, ені-6 метр. Нысанды күрделі жөндеуден «Строительная фирма «Жігер» ЖШС жүргізді. Көпірдің құрылысын техникалық қадағалаушы мекеме: «Глобус инжиниринг» ЖШС.
Ел-жұрттың қажеттілігін ескерген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жарық жол» мекемесі аталған көпір арқылы өтетін 0,247 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстарын жүргізді.