Жаскешу ауылдық округіне қарасты Оңалбеков атауы берілген жаңа құрылыс көшесіне ауыз су және газ құбыры тартылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Тарқатып айтатын болсақ, аталған көшенің 39 газ тартылмаған және 85 ауыз су құбыры тартылмаған жаңадан соғылған тұрғын үйлерге ауыз су мен газ құбыры тартылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Алдағы уақытта жаңа көшеге асфальт төсеу жұмыстары да бастау алмақ.
Аудан әкімі жұмыс сапарын Жаскешу ауылынан бастап, ауыз су және газ құбыры тартылған Оңалбеков көшесін аралап, іске асқан жұмыстардың сапасын бақылады.
Келесі кезекте аудан басшысы облыстық маңызы бар Балықты-Абай жол бойындағы Көкбұлақ өзені үстінен өтетін көпір құрылысының барысын бақылады.
Облыстық салалық басқарма тарапынан жүзеге асып жатқан көпір құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілуі жоспарлануда. Аудан әкімі құрылыс нысанын аралау барысында жергілікті ақсақалдармен кездесіп, ұсыныс-өтініштеріне құлақ асты.
Содан соң, Нұрлан Мархабатұлы аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендердің бірі Абай ауылына табан тіреп, орталық көше бойында жүргізіліп жатқан аяқ жол мен түнгі жарықтандыру шамдарының сапасын бақылап, орын алған кемшіліктерді жою бойынша тиісті бөлім басшысына тапсырма берді.