Шымшаһарда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Қалада қоғамдық көлік жұмысын оңтайландыру, сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуді жүйелендіру мақсатында жолаушылар көлігін дамытудың кешенді сызбасы әзірленген болатын. Соның нәтижесінде мегаполиске су жаңа автобустар сатып алына бастады. Бірқатар бағыттар жаңарып, электронды «TOLEM» жүйесі енгізілгені белгілі. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы осы саланы цифрландыруда көш ілгері келеді десек, артық айтқандық емес. Сөзімізге дәлел ретінде биыл «I-kolik» қосымшасы мен avtopark-shymkent.kz сайты іске қосылды.
Мемлекет басшысының халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасы аясында қалада жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан Қалалық оқыту және сертификациялау орталығының директоры Жандос Сардаров Қазіргі таңда іске қосылғанына бес ай болған «I-kolik» қосымшасын қолданушылардың қатары күн санап артып жатқанын айтады.
– «KazITService» компаниясы жасаған «I-kolik» қосымшасын «PlayMarket» және «App store» арқылы жүктеген қолданушылар 100 мыңға жуықтады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қосымшаны пайдаланушылардың басым көпшілігі жобаға оң бағасын берген. Бүгінде мегаполистегі қоғамдық көлік қызметі 100 пайыз автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Яғни, көліктің қай жерде, қай уақытпен кетіп бара жатқанын GPS қондырғылары арқылы бақылап отыруға болады. Қала тұрғындары мен қонақтары қосымшаны жүктей отырып, автобустардың жаңарған бағыттары мен қозғалысын бақылай алады. Жобаны бақылаушы ретінде бізге де тиімді. Көлік жүргізушілерінің қанша уақыт жұмыс істейтінін көріп отырамыз. Бұрындары жұмыс графигі аяқталмай қайтып кететіндері болатын, – дейді маман.
Жолаушылар көлігі қызметін жандандыру бағытында қолға алынған ауқымды шаралар бүгінде өз нәтижесін беріп жатқаны көңіл қуантады.