Созақ: «Еңбектің» игілігін көрген отбасылар


Созақ ауданында карантинге қарамастан кәсіп ашқандар саны артқан. Аймақта нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы тиімді жүзеге асуда. Қазіргі таңда мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, бағдарламаның игілігін көрген отбасылар саны 62-ге жеткен.

image.png

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Атап айтқанда, еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс-шаралар қарастырылған.

Халықты жұмыспен қамту мәселесі қашан да елдің экономикалық ахуалында елеулі орын алады. Мемлекеттік саясат – халықты лайықты жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталады. Жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша Дүниежүзілік банк есебінде көш бастайтын елдердің сандық көрсеткіші құлдыраған. Тіпті, жұмыссыздық деңгейі артып, халықтың күнкөрісі нашарлаған. Елімізде бұл фактор орын алмас үшін көптеген нақты қадамдар жасалып келеді. Жұмыссыздық – жұмыс тобының қатарына кіретін, жұмысы жоқ және белсенді түрде жұмыс іздеп, таба алмай жүрген жағдай. Қоғам қайраткері Д.Қонаев "Адамға жазаның ең үлкен - жұмыссыз қалдыру" деген екен. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының  басым бағыты  жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға   гранттар тағайындау. Созақ аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша аталған бағдарламаның шарапатын 1108 адам көрген.

Созақ аудандық жұмыспен қамту орталығының мониторинг бөлімінің басшысы Елдос Дәулетбаевтың айтуынша, бағдарламаның басым бағыты – бизнес идеяларды іске асыруға арналған. Жоба аясында жастар, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылар, көпбалалы отбасы мүшелеріне грант тағайындалған.

Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланған кәсіпкердің бірі  Бағлан Анарбеков. Ол арнайы оқудан өтіп, грант қаржысына кәсіпкерлікке қажетті аппараттарын алдым дейді. Шағын асханасы бар азамат грант қаржысының халыққа қызмет көрсету сапасын арттырғанын жеткізді.  Алдағы уақытта асханасынан  тауық еті өнімімен қатар наубайхана ашып, жаңа жұмыс орындарын көбейтуді жоспарлап отыр. Елдегі карантин режиміне байланысты шектеу Бағлан Анарбековтың табысын азайтпай, тиісінше жаңа сервис енгізуге сеп болған. Қазірде кәсіпкер онлайн сату арқылы табысын еселеп, қаржы айналымы ұлғайтуда.

Кәсібін дамытқан отбасылар қаржыны  өздері құрғаған бизнес жоспарға сай игереді. Мысалы «Алмас» шаруақожалығы қарамағындағы жерге  тамшылатып суғару әдісімен қияр өнімін өсіруді қолға алған. Шет мемлекеттерде өсімдіктерді тамшылатып суару әдісімен жылыжайларда, сондай-ақ аспалы бақтарда өсіру тәсілі кең қолданысқа енді. Тамшылатып суару – өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс. Тамшылатып суаруға арналған құбырлар топырақ үстімен немесе астымен орналастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, құбырлар арқылы фертигация әдісін, яғни тыңайтқыштарды суға қосып қолдануға да болады. Суарудың мұндай түрі тыңайтқышты да, суды да қажет мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді, бұл дегеніңіз – суды үнемдеу. Суды үнемдеп, өнімділігін арттырып отырған шаруақожалық жергілікті рыноктың сұранысын қанағаттандырып, базар нарығындағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуде.

Тағы бір созақтық  отбасы үй іргелік жеріне құс өсірумен айналысуда. Балапан аштырып, көбейтіп өсіріп пайда табуды көздеп отыр. Құс өсіру – қазаққа ежелден пайдалы кәсіп санатында. Асыраған құс жақсы өнім беруі үшін, ең алдымен балапандарды дұрыс күтімге алу қажет. Оған арналған «балабақша» да жайлы болуы тиіс.  Балапандардың нәзік, күтімге зәрулігі қаражат мәселесін туындатады. Табысы жақсы саланы мемлекет қаржыландыруы – әлеуметтәк аз қамтылған отбасылардың әлеуетін жақсартады.  Ал, Ерік Байдүйсенов  жеңіл автокөлік жөндеу орталығын салды. Қолынан келетін ісін жүргізуге серпін болған бағдарламаның игілігін көрушілер мемлекет берген  мүмкіндік үшін дән риза.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әйелдер аяқ киімі шығарылмақ
  • Кәсіпорын ұлғайтылмақ
  • Арнайы киімдерге сұраныс жоғары
  • Қағаз және картон өндіретін кәсіпорын ашылады
  • Балалар аналарына хат жазды