Президент пәрменімен мас күйде көлік жүргізгендерге заңдық жаза қатаңдатқан соң соған орай Түркістан облысы әкімінің тәртіптік шараларды күшейту туралы тапсырмасымен отырарлық полицейлер «Қауіпсіз аудан» жедел-профилактикалық шарасы ұйымдастырды. Демалыс күндері өткізілген рейд барысында құқық қорғау органы мамандары 12 мас жүргізушіні анықтады.
Іс-шараның негізгі мақсаты қылмыстың алдын алу және ашу, әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтау және қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жүргізушілер арасында жол тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларын азайту болып табылады. Іс-шара кезінде полицейлер жол қозғалысы ережесін өрескел бұзушылықтардың жолын кесуге, соның ішінде алкогольдік масаң күйде көлік басқару, жылдамдықты арттыру, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбау, сондай-ақ автокөлікті басқару кезінде ұялы телефондарды пайдалану, жаяу жүргіншілерге және басқа да құқықбұзушылықтарға басымдық бермеу фактілерін анықтауға ерекше назар аударды.
Отырар АПБ-нің полиция қызметкерлері мас күйде көлік басқарған 12 жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы "жүргізушінің алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беру" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде, Отырар аудандық сотының шешімімен аталған жүргізушілер 7 жыл мерзімге автокөлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар, олардың 10-ы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, қалған екеуі егде жасқа болуына байланысты әкімшілік қамаудан босатылды.
Полиция қызметкерлері Түркістан облысының тұрғындарына жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Жылдамдықты асырмаңыз және қарсы қозғалыс жолағына шықпаңыз, маневр жасау ережелерін бұзбаңыз және мас халде рульге отырмаңыз, егер жоғарыдағыдай қателіктерге жол берсеңіз, оның соңы жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін.