Түркістан облысы әкімінің өңірде есірткіқұмарлық алдын алу және есірткі бизнесіне тосқауыл қою туралы тапсырмасын жүзеге асыру міндетіне адал полицейлер Сарыағаш қаласында көлігінде көкнәр түптері бар жүргізушіні ұстады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары Сарыағаш ауданындағы жасырын есірткі егістігін жойып, заңсыздықтың алдын алды.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Келес ауданының полиция қызметкерлері жолдардың бірінен Сарыағаш қаласы тұрғынының басқаруындағы "Лада" маркалы автокөлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер автокөлікті тінту кезінде жолаушылар орындығының астынан өзіне тән хош иісі бар 37 түп есірткі өсімдіктерін тауып, тәркіледі.
Жүргізілген сараптамаға сәйкес, алынған түптер жалпы салмағы 60 гр болатын "кептірілген көкнәр" түптері болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы "Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша Келес АПБ-нің СДТТБТ-не тіркелді. Күдікті қолхатта.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері ер адамның құрамында есірткі заты бар түптерді қандай мақсатпен сақтап, өз көлігінде тасымалдағанының себебін анықтауда.
Ал, Сарыағаш ауданының тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның үйінен табылған кезекті есірткі егістігін жойды. Анықталғандай, Сарыағаш қаласының тұрғыны өз ауласында қарасораға ұқсас құрамында есірткі заты бар өсімдік түптерін заңсыз өсірген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сарыағаш АПБ қызметкерлері күдіктіден 2 түп қарасораны алып, сараптамаға жіберді. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған түптер жалпы салмағы 5 кг-нан асатын қарасора екені анықталды.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабы "Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру"бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарға құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз сақтағаны, сатқаны және өсіргені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы ескертеді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады.