Түркістан облысының полицейлері карантин режимін бұзу бойынша 900-ге жуық хаттама толтырды. Оларға әкімшілік хаттамалар толтырып, айыппұлдар салынды.
Түркістан облысының бас санитарлық дәрігері Н.Нышановтың қаулысымен ағымдағы жылда карантин режимі ұзартылғалы облыс көлемінде мобильдік топтар құрылып, жұмыс атқаруда. Мобильдік топ құрамына қала және аудан полицейлері, әкімдік қызметкерлері, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен кәсіпкерлік палата қызметкерлері жұмылдырылған. Жалпы облыстың қала, аудандарында құрылған мобильдік топтардың саны – 73.
Сонымен қатар Полиция департаменті бастығының тапсырмасымен карантин талаптарын қатаң ұстану бойынша полиция қызметкерлеріне тапсырмалар беріліп, облыс көлемінде күндізгі және түнгі рейдтерді жүргізу жұмыстары жандандырылған. Оның ішінде сауда орындарының, дәмханалар мен ойын-сауық орталықтарының карантин кезіндегі жұмыс уақыты, сақтық шараларын ұстануы күнделікті тексерілуде.
Мәселен, Мақтаарал ауданының өзінде ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен 149 адамға, ал Арыс ауданы бойынша бетпердесіз жүрген 153 тұлға анықталып, құжаттары тиісті орынға жолданған.
Жалпы бүгінгі күнге дейін қатаңдатылған карантин режимі енгізілгелі бері Түркістан облысы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтық санитарлық эпидемиологиялық, гигиеналық талаптарын бұзудың» 900-ге жуық жайты анықталып, хаттамалар толтырылды. Оның ішінде коммерциялық ұйымдар мен заңды тұлғалар да бар.