Түркістан облысында инфекциялық ауруларды жұқтырған науқастар саны азаймай тұр. Сондықтан өңірде карантин режимі жағдай тұрақтанғанша жалғасады.
Түркістан облысы Бас санитарлық-дәрігерінің шешіміне сәйкес шектеу шаралары қайта күшейтілгені баршаңызға белгілі. Осыған орай Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты барлық полиция бөлім, басқарма қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындар, базарларда, кафелерде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Арнайы көліктермен, көше-көшені аралап, қауіпсіздік шараларының, арақашықтықтың сақталуын дауысүдеткішпен ескертуде. Кәсіпкерлерге санитарлық режимді сақтау қажеттігі ескертілуде. Ал, қоғамдық орындарға келуші тұрғындарға үнемі бетперде мен қолғап, антисептик секілді санитарлық құрал-жабдықтарды қолданып жүру тиістілігі айтылуда.
Оның ішінде Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері карантин кезінде аудан тұрғындарының көшелерде белгілі уақыттарда ғана жүріп-тұруы, аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпауы, адамдар көп шоғырланған жерлерде қауіпсіздік шараларын сақтауды түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Десекте айтылған ескертулерге қарамастан, талаптарға бағынбау жайты бойынша полицейлер құқықбұзушылықты анықтады.
Сенбі, жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салынған нысандарды бақылап, рейд жүргізу кезінде Жергілікті полиция қызметінің инспекторлары Арыс қаласы көшелерінің бірінде орналасқан мейрамхананың жұмыс істеп, ішінде адамдар топтасып, құдалық өткізіп жатқанын анықтады. Осы заңсыздық бойынша қажетті материалдар жинақталып, әкімшілік шара көру үшін Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарына жіберілді.
Түркістан облысының полицейлер кәсіпкерлерге карантинге байланысты шектеулерді ескеруін ұғындырып, қадағалап, рейдтік шараларын үздіксіз ұйымдастырып отырады.