Түлкібас ауданының полицейлері тауға шығып, адасып қалған үш жас жігітті тапты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі хабарлады.
Түлкібас АПБ-нің «102» телефонына сағат 20:30-дар шамасында жергілікті тұрғын хабарласады. Жас жігіт өз хабарламасында 2 көрші досымен бірге тау жаққа саңырауқұлақ теруге шыққандарын, содан ауа-райының күрт бұзылып, тұман түсіп, күн бұлттануы салдарынан достарынан адасып қалып, бір орнында қозғала алмай қалғанын айтып, полицейлерден көмек сұрайды. Аталған хабарлама бойынша аудандық полицейлер тез арада әрекет етіп, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру барысында жас жігіттер түскі сағат 13:00-лер шамасында үйлерінен шығып кеткені анықталды. Адасқан жігіттердің баруы мүмкін деген жерлер мен олар бағыт алған аймаққа қарай тәртіп сақшылары бөлініп, іздестіру жұмыстарын жасады. Нәтижесінде 2 сағат аралығында полицейлер үш жігітті де ауылдан 20-30 шақырым қашықтықта орналасқан көрші елді мекеннен тауып, аман-есен ата-аналарына табыстады.
Өз кезегінде ата-аналар ұлдарының дін аман табылуына ықпал етіп, күннің қарайғанына, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, түні бойы ой-шұқыры көп тауда іздестіріп, қызмет еткен полицейлерге ризашылықтарын білдіріп, жұмыстарына табыс тілеп, алғыстарын білдірді.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге белгісіз аймаққа бармауды, ауа-райы өзгеріп тұрған уақытта таулы мекендерге шықпауды ескертеді. Бұл сіздің өміріңіз үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан, барынша сақ болыңыз!