Заңсыз балық аулағандар бас бостандығынан айырылады

зансызбалык.jpg

Мақтааралдық полицейлер заңсыз балық аулаған 4 күдіктіні ұстады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Түркістан облысы полицейлері браконьерлік және табиғат қорғау заңнамасын бұзу жайттарын болдырмау және анықтау мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп отырады. Осындай іс-шаралардың бірінде Табиғатты қорғау полиция тобының инспекторлары мен Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, «Охотзоопром» ӨБ-нің инспекторлары, су қорықшыларымен бірлесіп, Шардара су қоймасының Мақтаарал ауданы, Азаттық елді мекенінің аумағында жағажайынан электр ток көмегімен заңсыз балық аулап жүрген екі азаматты анықтады.
Тәртіп сақшылары ұсталған жергілікті екі тұрғыннан айғақты зат ретінде балық аулауға қажетті құрал-саймандармен бірге 5 келіден астам әртүрлі балық түрлерін тәркіледі. Одан бөлек, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау жөніндегі инспекторларының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде аталған аймақтан заңсыз балық аулаған тағы екі азамат ұсталды. Олар да жергілікті тұрғындар болып шықты. Табиғатқа залал келтірген азаматтардан балық аулауға қажетті жабдықтар мен 20 келі сазан балығы, үрмелі резеңке қайығы алынды.
Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 335-бабы бойынша «Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау» тіркелді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері балық ресурстарын заңсыз аулау саласындағы табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.



Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Үш күнде анықталған 12 мас жүргізуші 7 жыл көлік басқару құқығынан айырылды
  • Жас жігітті ұрған бұзақы ұсталды
  • Көліктерден ақша ұрлап, істі болды
  • Полиция құрылыс құралдарын ұрлаған күдіктіні ұстады
  • Полицейлер кезекті мас жүргізушіні ұстады