Бүгінде Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елді мекенінде көшелерді абаттандыру жұмыстары қарқынды. Балалар алаңшалары бой көтеріп, көзтартарлық көрініске айналып отыр. Көпқабатты үйлердің алдарына асфальттар жүргізіліп, сырттары әрленді. Шатырлары ауысып, тұрғындар үшін демеушілер тарапынан да жағдайлар жасалуда.
Жалпы, Шаян елді мекеніне көрік берген бірқатар нысандар толығымен аяқталу үстінде. "Содбис-Строй" компаниясы бүгінде абаттандыру бойынша жұмыстарын атқаруда. Орталықтағы Бәйдібек Қарашаұлы көшесінің бардерін толықтай ауыстырып, суағарлар жаңартылуда. Ендігі кезекте жолаяқтар бойына орындықтар қойылып, толықтай жарықтандырылмақ.
"Содбис-Строй" компаниясының өкілі Ержігіт Сейітовтың айтуынша, олардың 2400 метр лотогы бар.
- 1600 метр лотокты істеп қойдық. 300 метр қабырғалық тастар бар. Оның да 1600 метрін аяқтадық. Компанияда 15 жұмысшы бар. Осы құраммен қыркүйек айының соңына дейін жұмысты аяқтаймыз, - дейді Ержігіт Сейітов.
Аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков аймақта атқарылып жатқан құрылыс нысандарының жұмыс барысымен танысып, санға емес сапаға жұмыс істеуді қатаң тапсырды. Ағымдағы жылы аудан орталығын көркейту бойынша түрлі эскиздік жобалар қолға алынуда. Игі іс басшылық тарапынан қолдау тауып жатса, Шаян елді мекенінің шырайлана түсері анық.