Мақтаарал ауданында 5 мектепте IT сынып ашылды. "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жергілікті жерде орындау мақсатында ашылып отырған сыныптар мақтааралдық оқушылардың қазіргі заман талабына сай білім алуына мүмкіндік беріп отыр.
Мақтаарал ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан басшысы Бақыт Асанов жаңадан ашылып отырған IT сыныптардың лентасын қию үшін Абай, Жамбыл, О.Бапышев, Үлгілі, Ғ.Мүсірепов жалпы орта мектептеріне арнайы барды. Өңір басшысы ауыл балаларының ғылыми-техникалық білімді шынайы өмірде қолдануына, заманауи технологияларды жетік білуіне жол ашып отырған жобаны барлық мектептерге ендіру керектігін баса айтты.
"IT сыныптарда 8-16 жас аралығындағы балалар бағдарламалау және робот техникасының негіздері туралы Еуропалық білім беру стандарты бойынша тереңдетілген білім алады. Бұл бастама мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, элективті курс ретінде жүргізіледі. Былтыр ауданымызда 3 мектеп робототехникамен жабдықталған болатын. Міне, тағы 5 мектеп жабдықталып, балаларымызға барынша жағдай жасалып отыр" - деді Бақыт Насырханұлы.
2019 жылы ауданымыздан 6 мектептен IT сыныптарын ашу үшін жергілікті бюджеттен 34,2 миллион теңге қаржы қаралған болатын. Жыл соңына дейін тағы бір мектепте аталған сынып ашылатын болады.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданының білім саласында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша білім ұяларын сапалы интернетпен және Wifi желілерімен қамту, дербес компьютерлердің санын көбейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, kundelik.kz электронды журналы, "Bilimland" білім беру платформасы, balabaqsha.snation.kz балаларды балабақшаға онлайн кезекке қою, mektep.snation.kz оқушыларды 1 сыныпқа онлайн қабылдау, jumys.snation.kz білім беру ұяларына конкурс арқылы жұмысқа қабылдау жүйелерімен жұмыс жасау жолға қойылған.