Әлемнің түкпір-түкпірінде туристер толассыз саяхаттайтын мекендер көп. Әр елдің атауымен байланысты кеңінен танымал нысандар бар. Англия десе-Биг-Бен мұнарасы, Франция десе Эйфель мұнарасы, Үндістан десе Тәж Махал кесенесі елестейді. Нысандар архитектуралық жетістік деген ортақ титулға ие болғанымен, әркелкі жағдайда тұрғызылған.
Мысалы, тұтастай ақ мәрмәрдан тұрғызылған Тәж Махал мазарының салыну тарихын баяндасақ. Махал -Үндістан билеушісі Хуррем Шах Жаһанның қатты жақсы көрген жұбайы Әржуменд Бану-Бегум Мұмтаз Махал үшін Агра қаласында салдырған кесенесі. Дүниежүзіндегі ғашығына арнап салынған ең үлкен және ең көрнекті ескерткіш. Ағылшын суретшісі, ақын Эдвард Лир «Адамдар екі түрге бөлінеді: Тәж Махалды көргендер және көрмегендер» деген екен. Қазақ даласында да аналарымызға арналған тарихи ескерткіштер өте көп. Мәселен, Домалақ ана кесенесі, Айша бибі мазары, Қарашаш ана, Гауһар ана кесенесі. Әр ескерткіштің өз тарихы бар.
Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде орналасқан Гауһар ана кесенесіне, көрші елдерден жиі келіп Құран бағыштайтындар көп. Тарихи архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі саналатын Гауһар ана бейіті 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған. Ал 2015 жылы ананың кішігірім бейітіне «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қайта кесене тұрғызды.
Гауһар ана қорық-мұражайының қорықшысы Сапарбай Оразғалиевтің айтуынша, анамыз емшілік қасиеті ерекше жан болған. «Гаухар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Әлі күнге дейін ана кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі. Қожа Ахмет Ясауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар деген аңыздар да бар. Гауһар анамыз әкесі жерасты қылуетіне түскен кезде өмірден өтеді. Ясауи бабамыз қылуеттен күн шуағына шықпай қызының мазарына барып тұру үшін жерасты жолын салған деседі. Бірақ тарихи деректерде жерасты жолы туралы мағлұмат көп кездеспейді. Аңыз-әңгімелерде ГауҺар ананың баласы болмағаны айтылады. Әкесі «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі. Ана өмірден өтерінде: «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп аманаттаған екен. Гауһар ананың інісі Ибраһимді халық өздері қазған құдықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген екен. Нақақтан-нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың мазары жатыр. Деректерде, анамыздың ақылы көркіне сай ерекше жан болғандығы айтылады. Гаухар ана кесенесі – өте көне ескерткіштердің бірі. Тіпті, патшалық Ресей кезінде ескерткіш мүжіліп, жартысы құлап қалған екен. Кейін еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта кесене тұрғызылды. Бүгінде Гаухар ана кесенесіне келушілер нөпірі өте көп. Туристердің көбі дертіне шипа іздеп келеді. Талай жанды емдеп, ауруынан айықтырған қасиетті ананың шарапаты тисе деп тілейді. Тіпті кейбіреулер дертінен құлантаза айығып кетіп жатады. Мысалы, Нұрғали Алдабергенұлы деген азамат бауыр ауруынан жапа шегіпті. Ешқандай жерде емі табылмай дал болып Гауһар ана кесенесіне ниет етіп келген. Артизан суына түсіп, ем қабылдаған соң, құлан таза айығып кеткен екен»,- деді бізбен әңгімесінде Сапарбай Оразғалиев.
Көрнекі суреттер ашық дереккөзден алынды