Тайқазанға Австралиядан келген туристер қызығушылық танытты

f42f4d89-0e05-42d0-94c9-a5b394cdffc2.jpg

Тайқазанның құйылғанына 620 жыл, тарихи орнына оралғанына 30 жыл толуына орай  «Қайта оралған жәдігер» атты көрме ашылды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен  қасиетті Тайқазанның құйылғанына 620 жыл, тарихи орнына оралғанына 30 жыл толуына орай  «Қайта оралған жәдігер» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Айтулы шараны "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы ашып беріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тарихи жәдігерлердің бірегейі қасиетті Тайқазан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы  «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» бағыттарының мәнін ашатынын және құнды мұраның жасалу тарихынан бастап, әрбір элементтерінің мән-мағынасын кеңінен насихаттау бүгінгі басты мақсат екендігін жеткізді.

Көрменің ашылу салтанатына филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, тарих ғылымдарының кандидаты, Тайқазан тарихын зерттеуші Ділдәш Мұстапаева сынды тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, қаланың Құрметті азаматтары, Ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйым мүшелері, студенттер мен жоғары сынып оқушылары, қала тұрғындары және музейге келуші қонақтар қатысты. Әсіресе, шетелден келген, оның ішінде Австралиядан келген туристер тайқазанға ерекше қызығушылық танытты. Өзін Патрик Делаян деп таныстырған турист Түркістан құнды жәдігерлерге толы екенін мәлімдеді.

Screenshot_1.jpg

«Қайта оралған жәдігер» көрмесінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер, 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке  алып бара жатқандағы мұрағаттық суреті, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері және қорық-музейдің мұрындық болуымен  2009-2014 жылдар аралығында өткен жастар арасындағы  қазақ күресінен республикалық «Тайқазан» турнирінің фотосуреттері, медалдары мен мұрағаттық құжаттар бар.

Көрменің мақсаты -  ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым - парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.

 Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында құйылған. Тайқазан алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдардың  қосындысынан жасалған.

b3bda5d3-2065-477a-8492-8648266ed4e6.jpg

Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған.  Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор. Жиынға қатысушылар Тайқазан тарихы мен жәдігердің маңыздылығы жөнінде келелі пікірлерін білдірді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіне орналастырылған көрме бір ай бойы келушілердің назарына ұсынылады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арыстан ұстаз - шағалалы Шардарада
  • Әйгілі имам жастарды имандылыққа шақырды
  • Киелі шаһарда мейрамхана бизнесі өркендеп келеді
  • Түркістан мейрамханаларының жұмысы қарқынды
  • Түркістанда ұлттық тағамдар орталығының жұмысы қарқынды