Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, "Жол Активтерінің Ұлттық сапа" орталығының қалалық филиалы мен Арнайы мониторингтік топ, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өкілдері жол құрылысы барысын бақылау мақсатында рейдтік іс- шаралар өткізді.
Бұл жолы тұрғындардан шағым көп түсетін А.Байтұрсынов көшесіндегі жолдар қоғамдық және ведомстволық бақылауға алынды.
Арнайы жылжымалы зертхананы қолдану арқылы жол жиектері, жол жүру бөліктері, тротуарларды, сондай-ақ трасса енін өлшеу жүзеге асырылды. Алынған үлгілер арнайы сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде салынып жатқан объектіге тиісті баға берілетін болады.
Мердігер компания өкілдері жол құрылысын толығымен аяқтау ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланғандығын мәлімдеді.
"Жол Активтерінің Ұлттық сапа" орталығының қалалық филиалы зертхана меңгерушісі Қайрат Шакировтың айтуынша бұған дейін бұл жолдарда сараптама жүргізіліп, мердігерге кемшіліктерді жою бойынша хаттама жолданған. Өз кезегінде мердігер компания кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстарды атқаруда.
Қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің аға офицері Сәбит Әсілбек "Сапалы жол" жобасының маңыздылығына тоқталып, жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.
Жалпы, "Сапалы жол" жобасын іске асыру кезеңінде 10-ға жуық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, онда 80-нен астам бұзушылық анықталды, олардың бірқатары жойылды.