Танымал кәсіпкер Қайрат Молдасейітов мәрттік танытты

6e5ebebf5df68b0d8b32407c2841e4da.jpg

Бүгін Шымкент қаласында жаңа клиниканың тұсауы кесілді. «Otau med» деп аталатын бұл клиниканың салынуына танымал кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітов себепші болды. Ақжайық шағынаудандағы тұрғын үйлердің маңынан орын тепкен клиника көпшілікке қуаныш сыйлады. Енді шағынаудан тұрғындар ауыра қалған жағдайда алысқа шабылмай, дәл үйлерінің түбіндегі емханаға жүгіне алады. Емхана заман талабына сай жабдықталған. Емхана директоры Ақылжан Пазиловтың айтуынша, емхана көпсалалы қызмет көрсетеді. Яғни, науқастар әр есікті тоздырмай, барлық амбулаторлық-емханалық көмектің барлық түрін осы жерден ала алады. Ең қуаныштысы, клиника цифрлық жүйеде жұмыс істеуге баса назар аударып отыр. Науқастар медициналық орталыққа қабылдауға онлайн жазыла алады. Сонымен қатар, электронды карта алған науқастар дәрігердің кестесін онлайн көріп, талдау және зерттеу нәтижелерін онлайн түрде біле алады. Ең соңында науқастар зерттеу нәтижелерін пошта арқылы қабылдайды. Енді науқастар бұрынғыдай кабинет алдына сарыла кезек күтіп жүйкелерін жұқартпайды.  

- Болашақта емхана ТМККК шеңберінде 25 мың адамды тіркеп, бір ауысымда 300 адамға сапалы қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Және «баршаға қолжетімді медицина» міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асырмақ, - деді клиника директоры Ақылжан Пазилов. 

Әрине, осындай сапалы қызмет көрсететін клиниканың пайдалануға берілетініне қуанасыз. Егер Қайрат Молдасейітов мұрындық болмағанда бұл медициналық орталық та болмас па еді? Қайрат Құсейінұлы әрқашан жомарттығымен, дархан пейілімен ел ықыласына бөленіп жүрген жан екендігі баршаға белгілі. Кезінде Арыстағы жағдайға байланысты өңірдегі кәсіпкерлер арасынан ең бірінші болып «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасейітов зардап шеккендерге көмектесу мақсатында өз қалтасынан 10 млн. теңге бөлген болып, өзге кәсіпкерлерді де қол ұшын созуға шақырып, мәрттігін кезекті рет дәлелдеп еді. Клиниканың ашылу салтанатында меценат тағы бір жағымды жаңалығымен бөлісті. 

- Коронавирусқа байланысты қазір кәсіпкерлер де зардап шегіп жатыр. Дегенмен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, толық емес отбасылар көріп жатқан қиындықтарды бізбен салыстыруға келмейді. Сол себепті оларға қол ұшын созған абзал. Осыған байланысты «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жанынан қор аштық. Аталған қорға біз компания атынан 20 млн. теңге аудардық. Осы тұста мен басқа да кәсіпкерлерді тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуге шақырамын. Жиналған қаржы қалалық әкімдіктің әлеуметтік салаға жауапты мамандарымен ақылдаса отырып көмекке мұқтаж азаматтарға үлестіріледі, - деді Қайрат Құсейінұлы.  

Ашылу рәсімінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимирхан Варзилов Қайрат Молдасейітовке алғысын білдірді. 

- Бүгін біздің қаламызда қуанышты ашылу болды. «Otau Group» компаниясы жеке инвестор ретінде шығып, осы шағынауданда клиника салды. Бұл шағынаудан тұрғындары үшін өте ыңғайлы. Мұнда олар алғашқы көмек алып, мамандармен кеңесе алады. 

Қазір жеке инвесторлар осындай заманауи клиникаларды өздері салып, өздері жабдықтап бізге (Денсаулық сақтау басқармасына - автор) нақты ұсыныспен шыға алады. Бұл өз кезегінде мемлекет қаржысын үнемдеуде, оны тиімді жұмсауда зор үлесін қосады. Алдағы уақытта осындай клиникалар саны көбейеді деп сенеміз, - деді Варзилов.  

Клиниканың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр лентаны қиып, медициналық мекеменің жұмысына сәттілік тіледі.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысында жаңа әдіспен бірегей ота жасалды
  • Түркістан облысында оталар жоғары деңгейде жасалады
  • Шетелдік мамандар облыстық аурухана жұмысын жоғары бағалады
  • Түркістанда әлемнің 350 дәрігері қатысқан конференция бас
  • Түркістан – қасиетті өлке