Бокс федерациясы отырысында Тимур Құлыбаев жақында Ресейде өткен бокстан әлем чемпионатындағы жағдайға тоқталып, үмітті ақтамағандарын айтты деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Левитке қатысты әділетсіздік болды деп жатырсыздар. Ендеше, ол мәселені уақтылы, сол жерде көтеру керек болатын. Ал сіздер бүгін бізді заңгерлік мүмкіндіктен айырып отырсыздар. АІВА-ға да, Халықаралық Олимпиада комитетіне де шыға алмаймыз енді. Себебі, сіздер регламентті орындамадыңыздар! Сіздер біздің бәріміздің үмітімізді ақтамадыңыздар! Сол себепті, сөгіс сіздерге әділетті түрде жарияланды. Әйтсе де, Әлем чемпионатына боксшыларды жақсы шыңдап барғандықтан, сіздерді сыйақыдан айырған жоқпыз. Әйтсе де, алдағы уақытта бас бапкер ретінде толығымен міндетіңізді орындауыңыз керек. Бүкіл командаға үлгі болып, адамдарды бағыттау қажет», - деді Тимур Құлыбаев бокс федерациясының құрамына.
Сонымен қатар, бокс президенті Тимур Құлыбаев өзінен қызметінен кеткенді жөн санап, әріптестері мен үкіметке алғысын айтты.
«18 қыркүйек күні менің ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті лауазымына тағайындалғанымды білесіздер. Осыған орай, су спорты түрлері мен бокс федерациясы президенті лауазымынан кетуді жөн деп шештім. Сіздермен бірге спорттың дамуына 10 жыл бойы үлес қосып келеміз. Жұмыс нәтижелі болды деп есептеймін. Аймақтық бокс федерацияларына, бірлесе жұмыс атқарып жүрген азаматтарға, Үкіметке, демеушілерге - барлықтарыңызға алғысымды айтамын», - деді ол отырыста.