Түркістан облысында 17 жасар аяғы ауыр қыз іс-түссіз жоғалып кетті

22 ақпан күні 17 жасар аяғы ауыр Назым Алдаш үйден шығып кетіп, сол күйі қайта оралмаған. Қыздың туыстары баланың әкесі оны күштеп ұстап отыр деп санайды. Бұл жөнінде Otyrar.kz порталы хабарлайды.

Screenshot_1.jpg

2021 жылдың қазан айында қызды Алматыға кетіп бара жатқанда Facebook әлеуметтік желісінде танысқан жігіт алып қашып кеткен.

Қыз анасына Тараздағы жігіттің үйіне жеткенде ғана хабарласа алған. Ол жылап, тұрмысқа шығуға ниеті жоқтығын айтып, өзін алып кетуін өтінген. Ал туыстары келгенде, қыз бұл ойынан бас тартатынын айтқан.

"Сіңілім өзінің осы үйде қалатынын және бұл өзінің шешімі екенін айтқанда, біздің көнуден басқа амалымыз қалмады. Олар үйлену тойын жасап, некені рәсімдеуге уәде берді. Оқиғаның бұлай өзгеріп кететінін біз білген де жоқпыз", - дейді Назымның туған әпкесі Сәрсенкүл Сариева.

3 айдан кейін анасы қызын көруге келгенде оның соққыға жығылғанын көреді.

Назымның әпкесі күйеу жігіт қызды ұрғанын айтты. Және ол Назымның ресми күйеуі болмаған. Оның жағдайын көріп, аяғы ауыр қызын анасы Түркістан облысына алып кетеді. Осы уақыт ішінде әпкесінің айтуынша, "бұрынғы күйеуі" қыздың қыр соңына түсіп, тыныштық бермей қойған.

22 ақпанда аяғы ауыр Назым Түркістан облысының Сауран ауданындағы үйінен шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен. Әпкесінің айтуынша, азаматтық күйеуі оны ұрлап, күшпен ұстап отыруы мүмкін. Бір айдан бері туыстары өз-өздерін қоярға жер таппай жүргендерін жеткізді.

"Мен оның телефон нөмірін және шығыс қоңырауларын қалпына келтіріп көрдім. Онда бейтаныс нөмір болды, мен оған қоңырау шалдым. Телефон тұтқасын алған бөтен жігіт Назымды күйеуі келіп, алып кеткенін айтты. Біз полицияға арыз жаздық. Әзірге ешқандай хабар жоқ. Енді амалымыз таусылғаннан көрген білген жан бар шығар деп, сіздерге жүгініп отырмыз", - дейді жоғалған бауырын іздеген Сәрсенкүл Сариева.

Қыздың туыстары Назымды көрген немесе оның орналасқан жері туралы қандай да ақпарат білетін жандардан байланысуды сұрайды. Қазір кез келген ақпарат аса маңызды.

Бүгін жоғалғанына бір ай уақыт болған Назымға халықаралық іздеу жарияланды.

Кейбір ақпарат көздерінде Назым Алдаштың 22 наурыз күні 13:30 шамасында ауруханаға кеткені айтылады. Үйден шыққанда оның үстінде ашық қызғыш түсті күртеше, ақ түсті спорттық шалбар, аяғында қара түсті аяқ-киім болған.

Түркістандық полицейлер оның баруы мүмкін аймақтарды, әрбір орынды жіті тексеріп, іздеу жұмыстарын күшейтті. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары келіп түскен ақпараттар бойынша Жаңақорған ауданы, Тараз, Шымкент, Алматы қалаларына іссапармен шығып, іздестіруде. Сондай-ақ, халықаралық іздеу жарияланды. Бүгінде бұл жұмыстарға еріктілер де тартылып отыр.

"Назым Бағдатқызын аман-есен тауып, оны отбасына қайтару үшін танитын, не болмаса көрген-білген адамдар болса тез арада полицияға хабарласуларын сұраймыз. Арнайы белгілері: бойы 165-168 см, орта денелі, мойын тұсында қалы бар. Іздеу жарияланған келіншек туралы қандай да бір ақпарат болса, Сауран АПБ-ның кезекші бөліміне 8 725 33 5 86 50, 8 747 008 74 80 немесе полицияның 102 нөміріне хабарласыңыздар", - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Науқастардың шағымын жерде қалдырмайды
  • Аппақ Ишан мешіті
  • Ақмешіт үңгірі
  • Бәйдібек би кесенесі
  • Тұттыбұлақ үңгірі