«Туризм саласына тың серпін беру үшін алдымен инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Жалпы, туризмнің болашағы зор екеніне кәсіпкерлердің көзі жетуі тиіс» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық туризмнің әлеуеті зор әрі көрікті жерлердің көптігін айта келе, туризмді дамыту мәселесіне Үкімет және Парламент баса назар аударуы керектігін аттап өткен болатын.
Осы орайда тұмса табиғатымен қаншама ақынның, қылқалам шеберлерінің қаламына арқау болған Төлеби ауданы көркейіп, абаттанып, инфрақұрылым жүйелері жаңарып, даму үстінде. Таулы аумақтың әлеуеті негізінен туризм саласын дамытуға қолайлы болғандықтан, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, салаға тартылған инвестиция көлемі де артуда. «Инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Сондықтан, барлық деңгейдегі әкімдердің ең бірінші мақсаты аймаққа инвестиция тарту арқылы халықты тұрақты жұмыспен қамту болып табылады. Инвестиция тарту арқылы ауданның кіріс көлемі артып, әлеуметтік – экономикалық мүмкіндігі жақсарады. Салық түсімі көбейген сайын елді мекенді абаттандыру, жол жөндеу, балаларға ойын алаңшасын қою, спорттық қондырғылар орнату мүмкіндіктері артады. Бір ғана мысал, аудан көлеміндегі демалыс аймақтарына баратын жолдарға асфальт төселіп, аяқ жол салынып, түнгі жарық орнатылуда. Мәселен, 2023 жылы жөндеуді қажет ететін бірқатар көшелердің сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды. 55 елді мекеннің 54-іне орталықтандырылған су құбырлары тартылған. Бір елді мекенде, Зертас ауылдық округіне қарасты Жаңакүште ауыз су мәселесін толық шешу үшін сметалық құжаттар дайындағанбыз. Биыл жоба қолдау тауып, қаражат бөлініп жатыр»,- дейді Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев.
Мамандардың айтуынша алыс-жақын шетелге танымал «Біркөлік» демалыс аймағына баратын жолдар жөнделіп, Біркөлік елді мекеніндегі Боралдай, М.Махатаев көшелерін орта жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қаржы қаралған. 8,6 шақырым КХ-29 «Шарапхана - Жаңабазар – Бірінші Мамыр» автомобиль жолында орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2023 жылы аяқталады дейді салға жауаптылар. Сондай-ақ биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 14,7 шақырым болатын 18 көше жөндеуден өтпек. Одан бөлек қазіргі таңда КХ - 82 «Шымкент – Қасқасу – Көксәйек – Шымкент» автомобиль жолының 36 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«2025 жылға дейін аудандық маңызы бар жолдар мен көшелердің 95 пайызын қанағаттандырарлық жағдайға жеткіземіз деп отырмыз» дейді аудан басшысы. Айтуынша қазірдің өзіңде бұл меже 90%-ға жақындап қалыпты.