Бүгінде туризм туралы азаматтардың көзқарасы, ой-өрісі жоғары. Демалушылар жасандылықтан қашып, табиғат аясында демалғанды құп көреді. Әрі демалыспен хоббиді, спортты да араластырғанды ұнатады. Сондықтан демалушылар жан-жақты қызмет көрсететін орындарды таңдауға тырысады. Осындай талғамы жоғары туристерге арналған нысандар Төлеби ауданында кейінгі жылдары көптеп бой көтеруде. Аграрлы аймақ болғанымен Жаратқанның сұлу табиғатымен ерекшеленетін ауданда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Оған дәлел таулы өлкеде қазіргі таңда 76 туристік нысанның жұмыс істеуі.
Солардың бірі әрі бірегейі Кемеқалған ауылдық округінде орналасқан «Алма-тау» тау курорты. Жақында мұнда қосымша қонақүй және спорт кешені салынған болатын. Аталмыш спорт кешенінің бір ерекшелігі – еліміздің бірнеше спорт түрлерінен ұлттық құрама командаларының келіп жаттығуына барлық жағдай жасалған. Бүгінде «Алма-Тау» базасында бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының оқу-жаттығу жиынының соңғы кезеңі өтуде. «Төлеби ауданындағы «Алма-тау» базасында басқа елдермен бірге оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Егер Австралия, Филлипин елдері келіп үлгерсе олар да бізбен бірге жаттығады. Ал қазір Армения мен Тәжікстанның құрамалары жаттығып жатыр. Осы біріккен жаттығуда арнайы тактикаға дайындаламыз. Таулы ауданның тамаша табиғаты, таза ауасы спортшыларымызға қосымша қуат берері анық», – дейді бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Айта кетсек, туризм бағытында биыл ауданда жалпы құны 3,5 млрд теңгеге тең екі ірі жоба іске асырылмақ. Бірі Көксәйекте, бірі Қоғалыда. Ол жерде үлкен спорттық, сауықтыру орталықтары ашылады. Бір жобаның құны 1,5 млрд теңге болса, екінішісінің құны 2 млрд теңге. Аталған жобалар атпен серуендеу маршруттарын, спорт нысандарын, бассейн, қымызбен емдеп-сауықтыру орталықтарын қамтиды. Мұндай туристік нысандарды ашуға аудан өте қолайлы.