.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудың негізі ретінде инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән береді.
Осы орайда, өңір басшысы жауапты сала жетекшілерімен бірге облыс орталығын аралап, қаланың Бас жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шаһардағы жол жөндеу, газ, ауызсу мен кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарын тексерген облыс әкімі тиісті сала жетекшілерінен құрылыстың кестеге сәйкес белгіленген мерзімінде аяқталуын талап етті. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, бірінші кезекте, табиғи газбен қамтамасыз етілген шағын аудандарда орналасқан әлеуметтік нысандарды газға өткізу жұмыстары жүруде. Балабақшалар, сауда орталықтары, жекелеген кәсіпорындар, мейрамханалар мен қонақ үйлер газға қосылуда.
Түркістан қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету 11 кезең бойынша жүргізілуде. Былтыр 4 нысан құрылысы толығымен аяқталып, жыл соңында дейін 7 нысан пайдалануға берілетін болады.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылысы жүргізіліп жатқан «Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету (ІІ-кезең ГРП-2,3)» және құрылысы мамыр айында аяқталған «Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету (ІІІ-кезең ГРП-6,7,8)» нысандарының құрылыс барысымен танысты. Құрылысы аяқталған нысандардағы тұрғын үйлердің табиғи газға қосылуы бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 13 332 абонентке ішкі газ құбыры жүйелері жүргізіліп, 8120 абонент табиғи газға қосылды.
Кәріз желілерін салу жобасы бойынша жұмыстар тынымсыз жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша 21,514 шақырым кәріз жүйелері мен 703 дана темірбетонды құдықшалардың құрылысын салу қаралған. Аталған нысандар құрылысы іске асырылған жағдайда, Түркістан қаласы 100 % кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілетін болады.