Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бүгін Сайрам ауданына жол артты. Өңір басышысы іссапарын Жібек жолы ауылдық округіндегі «Төменгі Аққала» каналында жүргізіліп жатқан механикалық тазалау жұмыстарын тексеруден бастады. Ауданның егістік аумағы 60 мың гектардай жерді алып жатыр. 18 500 гектары – суармалы. Онда ағын су коммуналдық және жеке меншіктегі су арналары арқылы жеткізіледі. Бітелген су жүйелері жылдар бойы күрделі тазалаудан өтпеген. Бұл мақсатта шетелдік соңғы үлгідегі эксковатор сатып алынып, 2 айдың көлемінде ағысы баяулаған су жүйесі тазаланыты. Нәтижесінде 400 гектардан астам жерді суару мүмкіндігі жақсарған.
Мамандардың дерегінше сапар барысында өңір басшысы арнайы формалар, әскери киімдер мен төсек орындар тігілетін «АХБК» тігін фабрикасында болып, жұмысшылармен кездесті. Мұнан соң аймақ басшысы «K.A.Z.TEL» ЖШС-нің кабель шығаратын өндіріс орнына барды. Кәсіпорын жылына 7200 шақырымға дейінгі өнім шығарады. Дайын өнім ішкі нарықты қамтып, көршілес Қырғызстанға жөнелтіледі. Өңірдегі экспортты арттыру туралы Өмірзақ Естайұлы осы ауылда орналасқан құрама жем шығаратын зауыттың құрылысын аралау барысында айтып өтті. Мұнда тәулігіне 240 тонна құрама жем дайындалатын болады. Алғашқы кезде дайын өніммен ішкі нарықты қамту жоспарлануда. Алда Өзбекстан, Ауғанстан мен Иран елдеріне экспорттау көзделген. Зауыт осы айдың соңына дейін іске қосылмақ.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ақсу ауылындағы «Бірлік-4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Мұнда заманауи құрылғылармен жабдықталған көкөністер мен жемістерді сақтайтын, сыйымдылығы 40 мың тонналық қоймалар бар. Сонымен қатар, кешенде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цех орналасқан. Онда жылына 1,2 млн. консерві өнімдері шығарылады. Отандық өнім Қазақстан аумағы мен ТМД елдеріне экспортталады.