Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына сапарлатып барды. Өңір басшысы алдымен «Яссы-құс» фабрикасына аялдады. Шаруа қожалық 2016 жылы жұмысын бастаған. Негізінен жұмыртқа өнімін өндірумен айналысады. Фабрикада 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы 45000-50000 теңге аралығында. Қожалықта 4 жұмыртқалайтын цех пен құрама жем сақтайтын қойма бар. Жобаның құны – 198 млн. теңге. Қазіргі таңда голландиялық «Лабраун» породасынан – 50 мың дана тауық бар. Фабриканың айлық қуаттылығы – 1 350 000 дана жұмыртқа, ал жылына 16 200 000 дана жұмыртқа шығаруға қауқарлы.
Қожалық жұмысымен танысқан облыс басшысы өнім көлемін арттыра түсіп, жұмыс орнын көбейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы Кентау қаласындағы құрылысы жаңадан басталған 10 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.
Жобалаушы мекеме «Sunkar Byilding» ЖШС болса, бас мердігер: «Ныш Ер» ЖШС, «Ақ жол» ЖШС, «Аль-Декей» ЖШС, «Құрылыс Молдашев Е» ЖК. Бес қабаттан тұратын он үйде жалпы саны – 600 пәтер бар. Олардың жалпы аумағы – 33 240 шаршы метр. Ағымдағы жылдың мамыр айында құрылысы басталған нысандар 2020 жылдың маусым айында толық пайдалануға берілмек. Нәтижесінде 600 отбасы баспаналы болады.
Өз кезегінде аймақ басшысы құрылысты уақытылы аяқтап, тұрғындарға тапсыру керектігін атап өтті.