Түркістан төрінде танымал зиялы қауым өкілдері жергілікті тұрғындармен жүздесіп, пікір алмасып, сұхбаттасты. Нақтырақ айтқанда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, көрнекті қаламгерлер – Төлен Әбдік және Нұрлан Оразалин, сондай-ақ танымал жазушы, кинодрамматург Смағұл Елубай рухани шаһарға келді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған алғашқы кездесудің шымылдығын облыс әкімі Ө.Шөкеев ашып берді.
«Бұл идеяның мақсаты – танымал руханият майталмандарымен Түркістанның мәдениеті, тарихы, жалпы қалың қазақтың, түркі әлемінің болашағы жөнінде ой қозғау, ақылдасу. Біз құрылыс нысандарын салуды және өзге де жұмыстарды уақытында атқара аламыз. Қаланы да саламыз. Бірақ сонымен бірге мәдениетіміз бен руханиятымызды да соған сай етуіміз керек.. Біз Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыруды көздеген болсақ, осы игі іске Қазақстандағы бар ресурстарымызды, интеллектуалды тұлғаларды жұмылдыруымыз керек. Міне, «Түркістан төрінде» жобасын қолға алудағы ойымыз да – осы» деді өңір басшысы. Жүздесуді танымал жазушы «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері Мархабат Байғұт жүргізіп отырды.
«Біз тәуелсіз ұлт болу процесін бастан өткерудеміз. Бірақ бұл мәселеде әлі жоғары деңгейге жете алған жоқпыз. Кешегі кеңестік санадан да, рулық санадан да толық арылдық деп айта алмаймыз. Осы үдерістерден өтіп, үлкен ұлтқа сай мінез көрсетіп, ғылым мен білімді дамытуымыз керек» деді кездесуде сөз алған жазушы Төлен Әбдік.
Ал ақын, драматург Нұрлан Оразалин Түркістанның әдебиет пен өнердің орталығына айналатынына сенім білдіріп, қасиетті шаһарды дамыту, елді бірлікке шақыру туралы келелі ойлар қозғады.
Жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай қоғамды алға жетелеу үшін әр адамның иманын күшейту, дін мен ғылымды қатар дамыту керектігін айтты.
Әсерлі жүздесуде Түркістан облысының шығармашылыққа құмар қауымы үш қаламгерге де, өңір басшысына да сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Үздік сұрақтарымен көзге түскен оқырмандарға үш қаламгердің кітаптары сыйға тартылды.
Кездесу соңында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев үш классик қаламгердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Халыққа берері мол мұндай кездесулер ай сайын өткіщіледі деп жоспарлануда.