Түркістан және Атырау облыстарының архив қызметкерлері таяуда бас қосты. Жиында мамандар еліміздің әр өңіріндегі мемлекеттік архивті ортақ жүйеге енгізу жайын талқылады. Басқосудың мақсаты архивтану, құжаттану мәселелері арасында шығармашылық байланысты тереңдету. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Түркі әлемінің генезисі бөлімі бойынша облысымызда талай шаруа атқарылған. Десек те өңірлер арасындағы байланыс әлі де пысықтауды қажет етеді.
«Архив саласындағы мемлекеттік ішкі байланысты нығайту, шетелдерде сақталған құжаттарды елге қайтару сияқты жобалар жетерлік. Соны қолға алуымыз керек»,- дейді Түркістан облыстық мемлекеттік архив басшысы Айдын Исақаева.
Атырау облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері өз жетістіктерімен бөлісті. Атқарылған жұмыстарын көрмеге қойып, көптің назарына ұсынды. Атырау облыстық мемлекеттік архив басшысы Қуаныш Серіктің айтуынша атыраулықтар Өзбекстан мемлекеті мен Ресейдің Орынбор, Омбы, Санк-Петербург қалаларынан 1,5 мың құнды құжатты тапқан. Оның 500 –ін электронды жүйеге ендірген.
Атыраулықтар алдағы уақытта Түркістан облысындағы әріптестермен ынтымақтастықта жұмыс жасауға келісті.