«Жастар жылында» өз кәсібімін ашамын деген жастарға мемлекет тарапынан өте көп қолдаулар берілуде. Бұл бағытта Жетісай ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтары мен пайдасын жергілікті жастарға кеңінен түсіндіру, аудандағы кәсіпкерлердің іс-тәжірибесімен жастарды таныстыру жұмыстары мықтап қолға алынған.
Аталған аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы «Жастар жылында» мемлекеттік қолдаудың арқасында жылдық үстемесі 1 пайызбен 2 млн теңге несие алып, шаруасының ауқымын кеңейткен жетісайлық жас кәсіпкерлердің бірі – Әсия Қозыбекова. Автокөліктердің орындықтарын қаптап, әрін келтіретін келіншек бұған дейін ескі тігін машинасымен жұмыс істеп келген. Енді міне, мемлекеттен төменгі пайызбен несие алып, жұмысының ауқымын кеңейтіп отыр. Заманауи үлгіде түрлі дизайндар жасауға қауқарлы қос тігін машинасын, Ресей және Қырғызстан елдерінен түрлі маталарды алдырған. Осылайша жаңашылдыққа жаны құмар келіншектің тапсырыстарының да көлемі өсіп, бүгінде көршілес Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш және Қазығұрт аудандарынан да тапсырыстар қабылдап жатыр. 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған тігін цехы жеңіл автокөліктермен қатар автобустардың да орындықтарын қаптаумен айналысады.
Жас кәсіпкердің сөзінше мұнда тігіс тігуге қызығушылық білдіріп, үйренемін деп келушілерге де жағдайлар қарастырылған. Алдағы уақытта оқу курстарын тұрақты түрде ұйымдастыру мәселелері де толық қолға алынатын болады