Түркістандағы мәдениет үйінде «Заманауи қоғамдағы психологиялық ғылым және практика: мәселелер, тәжірибе, болашақ» атты психологтардың аймақтық ғылыми конференциясы өтті. Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған жиынға өңіріміздегі қала, аудандарындағы орта білім беру ордаларының және жастар ресурстық орталықтарының педагог-психологтары қатысты.
«Қазіргі таңда психологиялық сала мықты болуы тиіс. Өйткені, жастар мен жасөспірімдер арасындағы түрлі мәселелер мен құқықбұзушылық және ерте жүктілік көбейюде. Осы тұрғыда аталмыш сала мамандарының рөлі өте маңызды. Олар жастардың дұрыс қалыптасуы мен келешекке қадам басуына сеп болмақ. Ел болашағы саналған жандардың психологиялық жағдайын басты назарда ұстауымыз керек», – деген облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Сайра Амантаева бұл басқосудың берері мол екендігіне тоқталып, келушілерге алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, конференция шеңберінде «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының сарапшысы Сейілбек Мырзабаев «XXI ғасыр білім, тұлға құндылық» тақырыбында лекция оқып, біліктілігін арттыру бағытындағы бағдарламаларын жүргізді. Сондай-ақ, осы тақырып төңірегенде мамандардың ұсынысын тыңдап, мәселелерді шешу жолын талқыға салып, тәжірибе алмасты.