Т.Рысқұловты елі ардақтады

Screenshot_8.jpg

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығы ата қонысы Түлкібас ауданында бірқатар шаралар өтті. Аудан тұрғындары алдымен «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» автосапарына қатысушылары мен басқа да қонақтарды күтіп алып, құрмет көрсетті.

Қонақтар алдымен  1915 жылы Тұрар Рысқұловтың тікелей бастамасымен «Алаш» қайраткері, тұңғыш қазақ инженері Мұхаметжан Тынышбаевтың басшылығымен соғылған Жаскешу ауылдық округі Рысқұл ауылының маңында орналасқан тунельмен танысты.   Тарихи деректерге сүйенсек ұзындығы 1 шақырым, биіктігі 6 метр, ал ені 8 метрді құрайтын темір жол тунелін Ресейдің теміржол құрылысшылары және жергілікті тұрғындар соққан. 1950 жылы жаңа үлгідегі тепловоз және вогондардың көлемінің ұлғайуына байланысты тунелді пайдалану мүмкін болмағандықтан сыртынан айналма темір жол салынған. Бүгінгі таңда аталмыш нысанның тарихи маңыздылығын ескере отырып аудан әкімдігі тарапынан ескерткіш тақтайша орнатылып, аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Бұдан соң келген қонақтар Тұрар Рысқұловтың ата қонысы Рысқұл ауылына табан тіреп, күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан жаңғырған ауылдық клубтың ашылу салтанатты шарасына қатысты. Ауыл тұрғындарының рухани азық алатын орны 100 адамға есептелген. Клубқа күрделі жөндеу жұмыстары мен қатар аумағы да толығымен абаттандырылған. Бұл жерде ауыл жастары музыкалық және басқада да үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуге жағдайлар жасалынған.

Келесі кезекте келген қонақтар Түлкібас кентіндегі тоғыз жолдың торабы Түркісіб теміржолының бойында орналасқан қазақ халқының бір туар азаматтары М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішіне арнайы барып, Ұлы тұлғалардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Қос тұлғаларға арналған ескерткіш Түлкібас ауданының 90 жылдығына орай демеушілер есебінен тұрғызылған. Тарихқа көз жүгіртсек 1915 жылы Түлкібас жерінде темір жол құрылысын басқарған қазақтың тұңғыш темір жол инженері М.Тынышбаев жас Т.Рысқұловпен кездесіп, Т.Рысқұловтың білім алуына бағыт-бағдар беріп, болашағына жол ашқан. Ескерткіш сол тарихи кездің көрінісі болып табылады.

Шараның жалғасы аудан орталығы Тұрар Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану мұражайымен танысу іс-шарасымен ұштасты. Тарихи-өлкетану мұражайы қоғамдық негізде 1963 жылы құрылып, 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлімшесі болып қайта құрылған. 1994 жылы мұражайға мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың 100 жылдығына орай аты берілді. Қазіргі таңда мұражай «Тұрартану», «Көне заман және этнография», «Аудан тарихы», «Табиғаттану» деп аталатын төрт экспозиция залдарынан тұрады. Тұрартану бөлімінде мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы мәліметтер беретін «Өмірдерек», «Т.Рысқұловтың әулиеті», «Т.Рысқұлов кемеңгер», «Т.Рысқұлов Түркісіб», «Алаштың ардақтысы Тұрарға тағзым» атты тақта және Тұрартанушы азаматтардың Т.Рысқұловтың орталық Азия мен Ресейдің аса көрнекті мемлекет қайраткері әр саладағы атқарған қызметтері туралы дерек беретін шығармалары қойылған.

Мерекелік жиын Т.Рысқұлов ауылындағы «Тұңғыш Президент» саябағында жалғасын тапты. Түлкібас ауданының 90 жылдық мерейтойына орай жөндеуден өтіп қайта жаңғырған саябақта келген қонақтарды ұлттық киімдегі жүз жиырма бес қыз келіншектер күтіп алып, Түлкібас ауданының брендтерінің бірі саналатын 125 себет(корзина) алма жемісінен келген қонақтарға тарту етті. Сондай-ақ, келген қонақтар Ұлы тұлғаның айтулы мерейтойына орай "Тұңғыш Президент" саябағының ішінен бой көтеріп жатқан "Жастар аллеясына" 125 түп көшет отырғызды.

Шара «Тұңғыш Президент» саябағында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» атты тақырыптағы салтанатты жиынмен қорытындыланды.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арыстан ұстаз - шағалалы Шардарада
  • Әйгілі имам жастарды имандылыққа шақырды
  • Киелі шаһарда мейрамхана бизнесі өркендеп келеді
  • Түркістан мейрамханаларының жұмысы қарқынды
  • Түркістанда ұлттық тағамдар орталығының жұмысы қарқынды