Бүгінде жаңа облыс орталығы – Түркістан қаласында көптеген нысандар салынуда. Маңызы жоғары негізгі нысандарды салуға «Turkistan» арнайы экономикалық аймағынан орын берілген. Аталған аймақ өткен жылы күзде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласын дамытуды жеделдету, туристік әлеуетін арттыру, Түркі әлемінің рухани астанасына айналдыру, талғампаз туристердің көңілінен шығатындай сапалы қызмет көрсететін, халықаралық стандарттарға жауап бере алатын нысандар салу үшін құрылды. Тұңғыш Президент:
«Қасиетті Түркістан қаласында жаңа облыс орталығының құрылуы – тарихи өлкенің әкімшілік-іскерлік орталыққа айналуының белгісі болып табылады. Бұл бүкіл елдің дамуына зор септігін тигізеді» деп пікір білдірген еді.
Қазіргі таңда «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының көлемі – 1938 гектарды құрайды. Оның 1350 гектар аумағында жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салынады. 400 гектар жерге өндірістік зона түссе, қалған жерден тарихи-мәдени орталық бой көтереді. Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов шаһарға инвестицияларды тартуға, сонымен қатар жаңа технологияларды енгізіп, түрлі салаларды цифрландыруға ерекше мән берілетінін жеткізді.
Әкімшілік-іскерлік орталықта – әкімшілік, тұрғын үй, емдеу-сауықтыру, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері, спорт кешендері тұрғызылып, пайдалануға беріледі. Тарихи-мәдени орталықта – адамдарға рухани демалыс сыйлайтын мұражай, театр, кітапханалар секілді нысандар салынып, ел игілігіне ұсынылады. Ал, өндірістік зонада – құрылыс материалдарын, металл емес минералды өнімдерін, дайын металл бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар салынады.
Жалпы, арнайы экономикалық аймақ кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қаншалықты тиімді? Ең біріншіден, олар мұнда корпоративті табыс салығынан, жер салығынан және мүлік салығынан 2043 жылға дейін 100 пайызға босатылады. Бұл – кәсіпкерлер мен инвесторларға жасалып отырған орасан зор мүмкіндік. Себебі, әлемдік практикада жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлер бар тапқан табысын өндіріске қажетті шығындардан бөлек салық төлеуге жұмсап, ешқандай пайдаға кенеле алмай, уақыт өте келе жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған жағдайлар жиі болған. Яғни, алғашқы жылдары салық төлеу деген жұмысы әлі жолға қойылып үлгермеген кәсіпкер үшін өте ауыр тиеді. Осыны ескеркен мемлекет арнайы экономикалық аймақта кәсіпкерлерді салықтан босатты. Сонымен қатар, омбудсман ретінде кәсіпкерлерді толықтай өз қамқорлығына алды. Яғни, кез-келген форс-мажорлық жағдайда оларға қолдау көрсетеді, қорғайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында үкімет отырысындағы жиында кәсіпкерлерге жөн-жосықсыз тиісе беруді, негізсіз тексерістерді доғары керектігін, кәсіпкер құқығын таптауға болмайтынын нықтап айтқан болатын. Мұндай шексіз тексерістер, «әлімжеттік» әрекеттер «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында мүлдем болмайды.
Салық, тексерістер мәселесі шешілген соң, инвесторлар мен кәсіпкерлерге инфрақұрылым жүйелері жолға қойылған қолайлы жағдай керек. Арнайы экономикалық аймақта газ, су, электер жабдықтарымен қатар, теміржол, канализация, кедендік бекет, дайын өндіріс орындары мен қойма беріледі. Жұмыс істейтін азаматтар барлық жағдайы жасалған дайын ортада бірден іске кірісіп кете алады.
Ең маңыздысы, еркін кеден аймағында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағына қатысты импорт пен экспортқа шекарада ешқандай қосымша құн салығы салынбайды. Көптеген кәсіпкерлер шекарадағы қосымша құн салығының салдарынан сыртқа шыға алмай, тек ішкі нарықты қамтамасыз ететін. Енді мұндай кедергі арнайы экономикалық аймақ кәсіпкерлері үшін болмайды.
Жалпы, кәсіпті нөлден құраудан бастап оны шетелге экспортқа жібергенше «Turkistan» АЭА кешенді қолдау көрсетіледі. Қазір мұнда BI Group, Samruk kazyna, Bazis, Alageum electric, Highvill Kazakhstan, Otau grpup, т.б компаниялар жұмыстарын жүргізіп жатыр.