Жол картасында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру, ішкі істер саласында жүргізілетін жұмыстардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, тұрғындардың көрсетілетін қызметтер алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында полицияның халықтық кеңсесін ашу қолға алынған болатын.
Аудан әкімдігі мен полиция бөлімінің бірлесе жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде Отырар аудандық полиция бөлімінің халықтық кеңсесі ашылды. Игі шараның ашылуына Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков және аудан әкімі Ерлан Айтахановтар қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
Халықтық кеңсенің ашылуына арнайы келген департамент бастығы ішкі істер саласында халықпен тығыз қарым-қатынас жасау, жүргізілетін жұмыстарды жеңілдету мақсатында көрсеткен қолдауы үшін Отырар ауданының әкімдігіне алғысын жеткізіп, қасиетті өлкеде ашылған халықтық кеңсе тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді деген сенімін білдірді.
Сонымен қатар, Қайрат Сұлтанбайұлы «Жол картасы» аясында Отырар ауданында құрылған туристік полицияға арнайы жабдықталған электромобиль табыстады.
«Кез келген игі істердің қасиетті Отырардан бастау алуы тарих беттеріндегі дәстүр мен заңдылыққа айналғаны сөзсіз. Халық пен құқық қорғау органдары тығыз байланыста жұмыс жүргізетін халықтық кеңсе облысымызда алғашқылардың бірі болып ауданымызда ашылып, тұрғындарға қажетті кеңестері мен қызметтерін көрсетпек», - деді аудан әкімі Ерлан Айтаханов.
Ел ағасы, ішкі істер органдарының ардагері Жұмахан Әбдіқадыров бата берсе, жиын соңы аудан өнерпаздарының ән шашуымен жалғасын тапты.