Оралда студент қыз inDriver қосымшасының көмегімен шақырылған таксиге отырып, кейін зорланғаны туралы жантүршігерлік оқиғасын айтуға келісті.
26 жастағы қыз 7 тамызда кешке құрбысының үйінде болғанын айтты. Ал қайтарда такси шақырған. Алайда жүргізуші жалғыз келмеген, оның сөзінше, алдыңғы орындықта тағы бір ер адам отырған.
- Мен оны жолаушы деп ойладым да, көлікке отырдым. Басында олар дұрыс отырғандай болды, бірақ кейін жолаушының қолынан алкоголь көрдім. Олар менің үйіме жетіп қалған еді, бірақ дүкенге кіретінін айтып, басқа жаққа бұрылып кетті. Мені бір далаға алып келді, - дейді жәбірленуші.
Содан кейін қыздың айтуынша, көлік тоқтап, жүргізуші шығып кеткен.
- Ал жолаушы жаныма отырып, қырындай бастады. Кейін зорлады. Такси жүргізушісі қайта рөлге отырды. Мен жіберуін өтіндім, жыладым. Олар мені тағы басқа бір үйге алып кетті. Онда ер адамдар мені алкоголь ішуге мәжбүрледі. Осыдан кейін жолаушы мені екінші рет зорлады. Ол кеткеннен кейін маған жүргізуші тап берді. Ол да мені зорлады, қарсыласқанда тұншықтыруға тырысты, - деді студент.
Жәбірленушінің адвокаты Мереке Ғабдуалиев полицейлердің күдіктілерді қамауға алуға асықпағанына наразы, себебі қыз зорланғанын бірден мәлімдеген.
- Бұл оқиғадан бері екі аптаға жуық уақыт өтті, бірақ олар бостандықта жүр. Менің қорғаушым қылмыс болған үйді де көрсетті. Күдіктілерге куәгер статусы берілді. Полиция департаментінің басшылығына және прокуратураға жүгінуімізге тура келді. Осыдан кейін ғана күдіктілер ұсталды, - деді ол.
Полиция департаменті соталды тергеу ҚР ҚК 120-бабы 2-бөлігі "Зорлау" бойынша жүріп жатқанын атап өтті.
- Геномдық сараптама нәтижелерін алғаннан кейін 26 және 28 жастағы күдіктілер ұсталды. Олар сот шешімі бойынша тергеу изоляторына қамалды, - деді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Ұсталғандар кінәлі деп танылса 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.