Қырғызстанның бұрынғы президенті, 2005 жылғы төңкерістен кейін елден кетіп, қазіргі уақытта Мәскеуден тұратын Асқар Ақаевтың ұлы Айдар биыл 6 ақпанда қайтыс болды. 43 жастағы азаматтың өлі денесі Мәскеу облысына қарасты коттедждік аудандардағы үйлердің бірінен табылған.
РенТВ-нің хабарлауынша, Айдар Ақаевтың жүрегі тоқтап қалған. Сараптама нәтижесі оған алкоголь мен есірткі, дәлірегі кокаин себеп болғанын көрсеткен.
Айдар әкесі билік құрған жылдары Жоғарғы Кеңестің депутаты, қаржы министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Бұдан кейінгі жылдары Ұлттық олимпиада комитетінің президенті және бокс федерациясының президенті лауазымдарын атқарған.
2005 жылғы төңкерістен кейін оның үстінен бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айып бойынша қылмыстық істер қозғалған. Бірақ Айдар жауапкершіліктен жалтарып, Ресейге қашып кеткен.
Айдар Ақаев 1998 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева үйленген. Алайда ерлі-зайыптылар 2001 жылы ажырасып кеткен. 2002 жылы экс-президенттің ұлы Қырғызстанның белгілі тележүргізушісіне үйленген болатын.