Шымкент қаласындағы №4 «Кәусәр» қыздарға арналған қайырымдылық интернатында Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық Университетінің 6М011900- Шетел тілі:екі шетел тілі мамандығының 1курс магистранттары мен филология факультеті «Ағылшын тілі» кафедрасының меңгерушісі Сманова Ғазиза Ілесханқызы және филология ғылымдарының докторы, доцент Абрамова Галина Иосифовна қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Магистранттар «Кәусәр» интернатының тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы жылы жүректі қызметкерлерге өз алғыстарын білдірді. Бұл іс-шара барысында интернат тәрбиеленушілері өзгеше әсер алды.Түрлі сыйлықтар мен тәттілер алып, балаларға базарлық жасаған магистрант жастар ең әуелі балалармен ағылшын тілін меңгеруде таныстырылым сабақтарын өткізіп, көңілдерін көтерді. АҚШ -тан келген ағылшын тілінің мұғалімі Ави Тепфер ағылшын тілінде балаларға ойын ойнатып, ән салдырып, олардың көңіліне ізгілік пен мейірімділігін білдірді.
«Кәусәр» интернатының директоры Уалиханов Бекжан Жұмабаевич сөз алып, көмекке мұқтаж отбасылардың қоғамымызда көптеп кездесетінін айтып, өз өкінішін білдірді. Қазіргі таңда «Кәусәр» интернатында ата-анасынан айырылған, ата-анасының қамқорынсыз қалған, ата-анасы мүгедек және әлеуметтік көмекке аса зәру қыз балалар тәрбиеленіп жатыр. Іс-шара соңында қара көзді жәудіреген балаларымыздың жанына желеу болсақ деген ОҚМПУ магистранттары қанша қамқор болып, көңілдерін көтерсең де, ата-анасының аялы алақанынан артық ешнәрсенің жоқтығын жасыра алмай «Елімізде жетім балалар болмаса екен» деген жылы тілектерін жүректеріне түйіп қайтты.