Жазушы Шойбек Орынбай қазақ ханы Абылай ханның ұстазы туралы айтты

Screenshot_3.jpg

Жақында Ханқорған қалашығының бүгінгі жай-күйімен танысуға арнайы делегация келді. Нақтырақ айтқанда, бұл делегация «Amanat»  партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы «Мәдениеті мен тарихы бай аймақ» бағыты бойынша өлкетану экспедицияларын өткізу, киелі мекендерді абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарын бақылау мақсатында құрылған.

Делегация Абылай хан ескерткіші мен Ханқорған қалашығын аралап болған соң Сайрам ауданында Ерхали Сарманов атындағы гуманитарлық және агроэкономикалық колледж студенттерімен кездесу өткізді. Кездесуде студенттерге Абылай ханның тарихтағы орны, Ханқорған қалашығының маңызы кеңінен айтылды. Жиында жазушы Шойбек Орынбай Абылай ханның ұстазы болған Төле би туралы ойын айтты. 

- Шығармашылығымды енді бастап жүргенімде детективке қалам тартамын деп ойлаған емеспін. Түрлі тақырыптағы әңгімелер жазатынмын. Төле бидің өмірін зерттей бастадым. Университетті бітірген соң  сол кездегі Көкшетау  облыстық газетінде жұмыс істедім. Сол қаланың мұрағаты Омск қаласының мұрағатымен тығыз байланыста болғандықтан, онда көптеген құнды, сирек кездесетін деректер кездеседі екен. Сонда жұмыс істейтін адамдардың көмегімен Төле би мен Абылай ханның байланысы жайлы  деректерді таптым. Оның алдында қолда бар  мәліметтерімнің барлығын қосып, сол кездің өзінде Төле би туралы романымның алғашқы тарауларын жазуды бастап  қойған едім. 1984 жылы Сарыағаштағы аудандық газетте Төле би туралы романымның алғашқы бөлімдері жеке аңыздық әңгімелер ретінде жарияланды. Кейін 1986 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында да «Тарих дастан» деген айдармен үзінділер жарық көрді. 

Ол әңгімеге  Желтоқсан оқиғасынан  кейін ескілікті насихаттайтын шығарма деген  кінә тағылды.  Маған ескерту де берілген.  Содан соң уақытша баспасөзге ұсынған жоқпын.  Бірақ зерттеуді, жазуды тоқтатпадым. Айтайын дегенім, Төле биді жазып шығу үшін  біраз жанрларға қалам тартуым керек секілді, әсіресе, аңыздарға ден қою қажет  деген ой келді. Өйткені Төле бидің өмірінің бәрі аңыздармен тығыз байланысты.  Осы мақсатпен   «Домалақ ана», «Қарақшы Қара Хайдар», «Сарыбалақ» деген аңыздарды жарыққа шығардым.   Төле би шым-шытырық, қиын, жаугершілік, соғыс заманында өмір сүрді ғой.   Яғни, сол заманның өзінде қазақ елінде, ауылдарында барымташылыққа, қарақшылыққа қатысты шытырман оқиғалар көп болған екен. Осындай деректерді зерттей жүріп,  шытырман оқиғалар жазып қаламымды шыңдауға кірісіп кеттім, - деді Шойбек Орынбай. Жиын соңында колледж студентерінің тарихқа деген қызығушылықтары оянып, жақын арада Сайрам ауданындағы әулиелі, тарихи мекендерді аралуға уәде берді.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Науқастардың шағымын жерде қалдырмайды
  • Аппақ Ишан мешіті
  • Ақмешіт үңгірі
  • Бәйдібек би кесенесі
  • Тұттыбұлақ үңгірі