Кентаулық кәсіпкер Бекзат Хабибов үш жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашқан. «Эргеш ата» шаруақожалығының иесі Ресей Федерациясынан 100 бас асыл тұқымды симментал сиырын сатып алып, іске кіріскен. Ол бүгінде 20-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Шаруаның айтуынша, алғашқы жылы сатып алынған ірі қарадан 55 бұзау туылса, биыл мал басы тағы 80 бас бұзауға артқан. Қожалықта етті және сүтті бағыт қолға алынған. Мәселен, сүтті бағытта 1-тумадағылар күніне 8-10 литр, 2-тумадағылар 25 литрге дейін сүт береді. Шикізатты Қарашық ауылындағы фермаға өткізеді.
Бір бұзаудың өзі 300 келіге дейін ет береді. Бұзаулар бордақыланып, еті Түркістан және Кентау базарларында саудаланады. Бұдан бөлек, етті өзінің жеке кәсібі асханалық бағытқа да пайдалануда.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны Абдашим Юлдашев 2009 жылдан бастап жылыжай шаруашылымен айналысып келеді. Кәсіпкер бүгінде 0,2 га аумақта көкөністің екі түрін өсіріп, өнім алуда. «Замира» деп аталатын қызанақтың сортын егуді қолға алған ол жылына 30-40 тонна өнім алуда. Ол қызғылт қызанақ пен қияр өнімін Кентау қаласынан бөлек өзге өңірлерге де сатылымға шығарады.
Жылыжай шаруашылығын отбасылық кәсіпке айналдырған қожалық иесі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің бүгінгі таңда өнімін тасымалдайтын 3 дана ауыр және 1 дана жеңіл көлігі бар.
Сорты ерекше қызғылт қызанақ пен қиярға деген сұраныстың артуына байланысты тағы бір жылыжайдың құрылысы жүргізілуде. Күз мезгілінде құрылысы аяқталса көшеттерді егіп, өнім алу жоспарлануда. Кәсіпкер осылайша жылыжайдың көлемін 0,5 га аумаққа ұлғайтуға ниетті.