Түркістан облысында кезекті емханаға тіркелу науқаны басталды. Елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының (МСАК) ұйғарымымен тұрғындары түрғылықты мекеніндегі емханаларға 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында таңдау құқығын пайдалана отырып тіркеле алады.
Айта кету керек, емханаға тіркелу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады. Электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ арқылы жүргізіледі. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана науқас туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Тіркелім сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі.
Сонымен қатар, халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін азаматтың өтініші мен жеке басын куәландыратын құжаты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.
– Жалпы, Түркістан облысында порталда 1962881 тұрғын тіркеліп тұр. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханада қызмет көрсетуді жалғастырады. Қыркүйек айындағы жағдай бойынша облыста 4688 адам медициналық ұйымдарға тіркелмеген күйінде қалып отыр. Медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалмау үшін оларға тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында тіркелулері қажет, – облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Баян Ақбердиева.
Сондай-ақ, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.