Түркістан облысында жанашырлық танытып, қайырымды істерге қол созған азаматтар тек пандемияға байланысты ғана көмек қолдарын созып жатқан жоқ. Сонымен қатар табиғи апаттан зардап шеккендерге де жәрдемдесіп жатқан жандар жетерлік.
«Астана Моторс» компаниясы жалпы құны 50,5 млн теңгеге жаңа жиһаздың 426 жиынтығын Мақтаарал ауданы Өргебас және Фирдоуси ауылдарының тұрғындарына сыйға тартты. Жатын бөлмелердің алғашқы топтамасы жаңа қоныстанушыларға жеткізілді.
«Астана Моторс» тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Компания тарапынан төтенше жағдай кезінде Арыс қаласының тұрғындарына 20 млн теңге және гуманитарлық көмек жіберілді. Мақтаарал ауданының тұрғындарын жиһазбен қамтамасыз ету жобасы «Түркістан» ӘКК» АҚ жанындағы «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры арқылы жүзеге асырылды.
Сардоба су қоймасы бөгетінің жарылуы салдарынан 895 отбасы зардап шеккен болатын. Бүгінде баспаналар бұзылып, қайта салынуда. Инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекендерінің тұрғындары үшін Мырзакент ауылында жаңа ықшамаудан бой көтерді. Ауданда 9 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр.