Түркістан облысында жақсылық жасап жарысқан кәсіпкерлер қайырымдылық шараларын карантин кезінде де тоқтатқан жоқ. Жанашыр жандар жомарттығын танытып, пандемиядан есеңгіреп қалған жұртты ел ішін жайлаған пневмониядан құтқару үшін енді емдеу мекемелеріне қол ұштарын созуда. Соның бірі Шардара ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өңір кәсіпкерлерінің демеушілігі Шардара аудандық орталық ауруханасында жалғасты.
Шардара аудандық орталық ауруханасы тағы 17 оттегі концентраторымен толықты. Қазіргі кезде бұл емдеу мекемесінде барлығы 20 оттегі аппараты науқастардың денсаулығын жақсарту үшін жұмыс істеуде. Алдағы уақытта тағы да оттегі аппараттарының санын көбейту көзделіп отыр. Әдеттегі оттегі балонынан әлдеқайда тиімді және өнімді бұл аппаратқа қол жеткізген орталық аурухана ұжымы, әсіресе науқастар өз қуаныштарын жасырмай, ізгі іс істеген барша азаматтарға алғыстарын білдірді.
Мамандар бұл құрылғыларды науқастарға өкпені жасанды желдету аппараттарына қосымша көмек ретінде қолдануда. Індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлерін қолдап, көмек қолдарын жандарға аурухана ұжымы алғыстарын білдірді.