Созақ ауданы аграрлы-өндірісті аймақ болғандықтан, аудан территориясында ірі 9 біріккен кәсіпорын табиғи уран өндірумен айналысады. Ол кәсіпорындарда 7-8 мың адам еңбек жасаса, оның 70-80 пайызы аудан тұрғындары.
Ал енді жеке, отбасылық кәсіптер бойынша айтар болсақ, бүгінгі таңда 5 мыңға жуық жеке кәсіп иесі заңды тіркеліп, жұмыстарын жүргізіп отыр. Басым көпшілігі сауда- саттық нысандарын ашып, халыққа қажетті тұтыну тауарларын қолжетімді бағада сатуда.
Сондай ақ, ауданда индустриялы аймақ бар. Ол жерде жаңа айтып өткен ірі кәсіпорындарға қажетті шикізат сақтау бөшкелерін шығаратын UK- Star шағын зауыты бес жылдан бері сапалы тауарлы өнімдерімен жергілікті ірі кәсіпорындарды қамтамасызетіп келеді. «Дархан-АС» өндірістік кооперативі ас тұзын шығарып, ұзақ жылдар бойы халыққа өз өнімін беріп отыр.
Бұл кооперативтің ас тұздары Қазақстанның барлық аймақтарында тұтынылады. Ал енді жеке кәсіпкерлеріміз аудан көлемінде халыққа өз қызметтерін көрсетіп отыр. Жекелеген, отбасылық кәсіптердің негізгі бөлігін мал басын, құс шаруашылығын дамытумен қатар, нан, сүт, кондитерлік өнімдерін шығаратын цехтар, тігін цехтары, дәмханалар, сән салондары, жихаз жасау цехтары, жылыжай шаруасы, түрлі жас өспірімдерді дамыту орталықтары, заң кеңестері, нотариалдық, компьютерлік қызметтер көрсетужұмыстары құрайды.