Әлемді жайлаған жаман кеселдің беті әлі қайта қойған жоқ. Өңірлердегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайларға байланысты карантиндік шаралар қатаңдатылып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар ұйымдастырылуда. Мемлекет тарапынан есепті әрекеттер жасалу арқасында кесел таралуы бақылауда болып, емделіп жазылып шыққандар саны жеті жүзден асып, қаламызда індетке шалдыққандар саны 17 азамат болса, соның бүгінгі таңда 6 азаматымыз емделіп, отбасыларына оралды. Еліміз бойынша емделіп, сауығып шыққан азаматтарымыздың санының күнделікті артуы бәріміздің жүрегімізге қуаныш ұялатады. Қаламыздағы төтенше жағдай штабы қызметкерлері, дәрігерлер мен медбикелер, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлері пандемиямен күресуде тынымсыз еңбектерімен алдыңғы шепте жүруде.
Қазақта елемеуге болмайтын төрт нәрсе бар: біреуі – от, екіншісі – ауру, үшіншісі –жау, төртіншісі – борыш. Сондықтан да аурудан қорғанудың талаптарына немқұрайлы, елемей қарамауымыз керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек бұл кеселді таралмауына, бірінші кезекте жеке бас тазалығы мен өзін-өзі оқшаулау, яғни үйден шықпау талаптарын орындаған халқы бар мемлекеттер кеселдің алдын алып таралмауын, оған қарсы емдік нәтижелерін көрсетуде. Карантиндік жағдайға байланысты азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар базарлары, киім-кешек, мал базарлары және адамдар көп жиналатын басқа да обьектілер, қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылып, жеке көлік қозғалысы шектелді. Қойылған талаптар мен шектеулер барлық жеке және заңды тұлғаларға тарапынан орындау міндетті болып табылады.
Сондықтан тұрғындардың бейқамдылықтан арылып, әркім өзіне, ортасына жауапкершілікпен қарап, қойылған шектеулерді дұрыс қабылдап, қауіпті жете түсініп, жауапкершілікпен қарау уақыт талабы болып отыр.
Қаламызда төтенше жағдайларға байланысты карантиндік талаптарды күшейту туралы күнделікті дауыс шығарғыш арқылы, теледидар арқылы кеселден сақтану талаптары бірнеше реттен айтылуда. Өкінішке орай, осындай ерекше кезең кезінде күнделікті талаптарға немқұрайлы бейқамдықпен қарайтын азаматтар әлі де болса бар. Қалалық Ішкі істер бөлімінің мәліметіне сәйкес көшеде жеке басты қорғау құралдарынсыз, мақсатсыз жаяу жүрушілер мен көлікпен жүрген азаматтар кездесуде. Мұндай азаматтарға төтенше жағдай талаптарын орындамағанына байланысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынуда.
Осындай кезеңде ата-аналарды, отбасы мүшелерін, қоғам белсенділері мен ел ағаларын төтенше жағдай талаптарын, ережелерін насихаттауда, ақыл-кеңес беруде белсенділік танытуға шақырамын.
Карантиндік кезеңнің көбі кетіп, азы қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдай 11 мамырда аяқталатынын арнайы мәлімдемесінде айтып, әрі қарай тұрғындардың жеке бас тазалығын, гигиеналық сақтығын жоғары деңгейде ұстануын және босаңсымауын атап өтті. Қазақта «Сабыр түбі – сары алтын» деген құндылық бар, сабырлық пен төзімділікті таныта отырып, өзімізді оқшаулау режимін бұзбай отырып, үйден шықпасақ, төтенше жағдайды еңсеретін күн де алыс емес.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп, қазақ батыры Б.Момышұлы айтқандай, қаламыздың барлық азаматтарына тәртіпті, төзімділік пен жауапкершілікті таныта отырып, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырамын.
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы үшін Қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті Рамазан айы бәрімізге жақсылық, бақ-береке әкелсін!
Амантай Алтынбекұлы Байтанаев
Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының хатшысы